Не болды?
Экс-жайдарманшы Айбек Байназар «Шәй әңгіме» жобасында пойызда бейтаныс қызға тиіскісі келгенін әзіл-қалжың аралас әңгімелеп берген. Сол үшін ол және жоба авторы Threds желісінде қатты сынға қалып отыр.
Бір қызығы, жоба осы шығарылымнан соң жабылып қалған. Жоба авторы, стендапер Дархан Оспан «басқа жұмыспен де айналысып, ақша табуым керек, ал мына жобаға ақшаны өзім құятын едім» деп түсіндірген. Барлық видеосы өшірілген, бірақ біршама уақыттан соң виеолар қайта шықты. Алайда дәл осы шығарылым сол күйі қайта шыққан жоқ.
Айбек Байназардың айтқанын әлеуметтік желідегі жұрт «бұл — қызға тиісу, қорлау» деп баға берсе, енді бір топ жоба жабылып қалғанына қынжылып отыр. Baribar.kz даудың мән-жайын түсіндіріп береді.
Айбек Байназар не деді?
Экс-жайдарманшы Айбек Байназар басынан өткен «қызық оқиғасын» былай деп баяндады:
…Купеге кірген кезде астында «Здравствуйте» деп бір орыс қыз отырды. Ол кезде періштесің ғой. Ойда ештеңе жоқ, бірақ бір әдемі екен деген сияқты ой ілініп қалды. Заттың бәрін орналастырып қойып, мейрамханаға бардым. Жақсылап (ішімдік) ішіп, қайтып келдім. Ішкесін ой бұзылды. Купе қараңғы. Орныма — екінші қабатқа жатамын. Ұйықтап кете алмаймын. Анау терезеден түскен айдың жарығымен ана қыз аниме сияқты көрініп тұр. Қараймын, алма болып жатыр кәдімгідей. Сенесің бе, жарты сағат қарап тұрамын ғой. Ой деген кетіп жатыр. Өрмекші адамның Веном деген қарсыласы бар ғой, сол сияқты үнімді шығармай түсемін. Астында кемпір жатыр ғой кәдімгідей. Түсемін де, мойынына дейін келемін. Ол да біліп жатыр екен, жоқ дегендей дыбыс шығарды. Қарап тұрдым да, кері қайттым. Бірден орныма жатамын да, ұйықтап кетемін ғой. Жаман ойлап қалмаңыздар, әдемі еді, ол кезде бойдақпын ғой. Ол да маған ғашық шығар, бетімді қайтармайтын шығар деген ой ғой менікі.
«Ерлер өсегі қашаннан бері подкаст болып кеткен?»
Желі қолданушыларының бір тобы бұл оқиғаны «қызды қорлады» деп бағалады. «Қазақ тілінде жоба аз деп, бес еркектің аузына келгенге көз жұма қарап жүре беруіміз керек пе?» деп пікір жазғандар да бар.
Жоба көрермені не дейді?
«Шәй әңгіме» жобасын жақсы көретін көрермен Дархан Оспанды қолдап отыр. Бұл жағдайда авторға қарағанда қонақ кінәлі деп жазып жатыр.
«Ютубта сапалы қазақша контент аз» деген пікірге қарсы болған оқырман да қазақша жобалардың тізімін ұсынып жатыр.
«Шәй әңгіме RIP»
Мәселенің дұрыс-бұрысын анықтай алмай жатқан оқырман арасында жағдайды әзілге айналдырғандар да бар.
Авторлар не дейді?
Айбек Байназар желіде барша қыздан кешірім сұрады. 20 жыл бұрын болған жағдай үшін, соны әзілге айналдырғаны үшін өкінетінін жазды.
Жоба авторы Дархан Оспан да зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қарсы екенін жазды. Ол түсірілім және монтаж кезінде оқиғаның соншалық қорқынышты екенін байқамағанын мойындады.
Дархан Оспанның айтуына қарағанда, «Шәй әңгіме» жобасы оған табыс әкелмейді. Қайта автордың ақша салуын талап етеді. Қазір ол басқа жобаларымен айналысып, отбасын асырауға ақша табуы керек. Жобаның жабылу себебі — осы.
Анықтама
Шәй әңгіме — танымал комик Дархан Оспанның авторлық жобасы. Авторлардың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта «Шәй әңгіме» және «IQ» жобалары жабылды.
Айбек Байназар — экс-жайдарманшы, «Көз тимесін» командасының мүшесі. AYBA деген лақап атпен өнер көрсеткен әнші, шоу-бизнес өкілі.
***
Тағы оқыңыз:
Құрақ көрпе түрінде жасалған 600 мың теңгенің торты. Блогер мен кондитер дауы қайдан шықты?

