Заңсыз онлайн-лотерея өткізген 121 адам жазаланды

2025 жылы Қазақстанда әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында танымал блогерлер мен инфлюенсерлер де бар.

Туризм және спорт министрлігінің ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларға тұрақты мониториң жүргізіп келеді.

Мониториң нәтижесінде және жеке тұлғалардан комитетке келіп түскен өтініштер негізінде 2025 жылы 121 адам әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.

Заңнама бойынша, лотерея операторы болып тіркелмеген тұлғаның ұтыс ойынын ұйымдастыруы заңсыз. ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6 және 7-бөліктеріне сай, жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілеріне 300 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін 200 АЕК-ке, ал кәсіпкерлер үшін 750 АЕК-ке дейін өседі. Сонымен қатар заңсыз лотереядан түскен табыс тәркіленеді.