Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловпен кездесті.
Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Тараптар шетелдік инвесторларды қолдау және тарту мәселелерін жан-жақты талқылады. Аймақ басшысы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Мәселен, былтыр облыс делегациясы ҚХР-ға екі рет іссапармен барып, нәтижесінде энергетика, машина жасау, АӨК және басқа салалар бойынша 19 жобаны іске асыру мәселелері жөнінде 11 инвестормен меморандумдар жасалды. Кездесуге ірі инвесторлардың бірі – Vega Power компаниясының басшысы да арнайы қатысты.

Инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру — жергілікті атқарушы органның басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешу жолдарының бірі — индустриялық аймақ аумағында жүзеге асырылатын «Қожетімділік үшін төлем» тетігі. Тың тәсіл инженерлік инфрақұрылымды инвестордың қаражаты есебінен салуды, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін индустриялық аймақтың қатысушылары мен мемлекет тарапынан шығындарды кезең-кезеңімен өтеуді көздейді.
Кездесуде облыс әкімдігі мен «KAZAKH INVEST» компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға және Vega Power холдингінің инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша жол картасына қол қойылды.
