Тоқаев АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Бүгін Ақорда резиденциясында АҚШ елшісі Жули Стаффт пен Болгария елшісі Георги Воденски Қазақстан президентіне сенім грамоталарын тапсырды.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты.

Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Саяси, сонымен қатар экономикалық бағыттағы ықпалдастық аясын кеңейту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жули Стаффтпен әңгімелесу барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды.

Президент Дональд Трамп мырзамен достық рәуіште мазмұнды әңгіме өрбітіп, келіссөздер жүргіздік. Таяуда біз телефон арқылы емен-жарқын сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастығымызға қатысты көптеген мәселені талқыладық. Мені жыл соңында Құрама Штаттарда өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтамын. Біз көптеген саладағы стратегиялық серіктестігімізді дамытып, нығайтуға күш саламыз, – деді Тоқаев.✔️

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.