Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде таралып жатқан балалардың ауруына себеп болады деген «арзан вакциналарды сатып алу» туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін және жалған екенін мәлімдеді.
Аталған мәлімдемелер «Әңгіме бар» подкастында журналист Айнур Асанбердімен болған сұхбатта Нархоз университетінің профессоры ретінде таныстырылған Кулзада Абенова айтқан.
Сұхбатта Абенова «жаңа туған балаға сапасыз, арзан вакцина салады» деген.
Министрлік вакциналар «арзан» қағидаты бойынша емес, сапа, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткішіне негізделіп сатып алынатынын еске салды.
Қазақстанның Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакцина көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес тіркеуден өтіп, қолдануға рұқсат алады, – деп мәлімдеді министрлік.
Вакцина «балаларда ауру туындатады» деген мәлімдеменің ғылыми дәлелі жоқ және көпжылдық халықаралық бақылау дерегіне қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге, мыңдаған ауыр асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа, дәрігерлер ұсынымдарына және дәлелді медицина деректеріне сенуге шақырды.
Еске салайық, Депутат Асхат Аймағамбетов ұл балаларға да адамның папиллома вирусына (ВПЧ) қарсы вакцина егуді ұсынғанын хабарлаған едік.
