Табысы төмен отбасыларға қандай қолдау беріледі?

1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 54 мың отбасындағы 290,6 мың адамға тағайындалды. Төленген қаражаттың жалпы көлемі 30,3 миллиард теңге болды.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмекті қаржыландыруға республикалық бюджеттен 98,4 миллиард теңге қарастырылған.

АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай қолдау көрсету арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту арқылы қиын өмірлік жағдайдан шығару.

Бағдарлама аясында:

  • табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындалады;

  • табысы аз отбасылардағы бір жастан алты жасқа дейінгі әр балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде қосымша төлем беріледі.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша, АӘК алушы отбасылардағы мектеп жасына дейінгі 90,5 мың балаға 3,7 миллиард теңге көлемінде қосымша төлем тағайындалған.

Сонымен қатар бағдарлама жұмысқа орналастыру, кәсіп ашуға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу және өзге де шаралар арқылы отбасыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді.

Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына, ауылдық округ әкімдіктеріне немесе egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да