Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қазақстанның бірқатар өңірінде көлік қозғалысына шектеулер енгізілді.
Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлап отыр.
Ақтұман, боран және көк тайғақ салдарынан Жамбыл, Алматы, Жетісу және Маңғыстау облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдардың бірнеше учаскесі уақытша жабылды.
Жамбыл облысы
-
Қордай асуының ескі айналма жолында (143–214 км) жүк көліктерінің қозғалысы шектелді.
Алматы облысы
-
«Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас» трассасының 59–143 км бөлігі бойынша жүк көлігіне шектеу қойылды.
Жетісу облысы
-
«Алматы – Талдықорған – Өскемен – РФ шекарасы» автожолының екі бірдей бөлігінде – 323–387 км және 413–557 км – қозғалыс тоқтатылды.
-
«Үшарал – Достық» (10–164 км) учаскесінде барлық көлік түріне шектеу енгізілді.
-
«Сарыөзек – Көктал» жолының Алтынемел асуы маңында (40–68 км) жүк және жолаушылар көлігі үшін қозғалыс тоқтатылды.
Маңғыстау облысы
-
«Доссор – Құлсары – Бейнеу – Шетпе – Ақтау» жолының 642–786 км бөлігі, сондай-ақ «Ақтау – Құрық» (13–72 км) бағытында барлық көлік түрінің жүруіне тыйым салынды.
Ұлттық компания жүргізушілерден алыс жолға шықпай тұрып ауа райы мен жол жағдайын тексеруді, ал шектеу қойылған учаскелерге бармауды сұрайды.
