Елімізде трансшекаралық аударымдардың ауқымды схемасы әшкерленді. Онда ақша төлем ұйымдары арқылы өтіп, заңды операциялар ретінде жасырынып, онлайн-казиноның пайдасына шығарылған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Қазақстан аумағында онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған.
Мұндай платформалар салық төлемейді, клиенттерді сәйкестендірмейді, балалар мен жастарды белсенді түрде тартады және халықтың моральдық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіреді, — делінген хабарламада.
Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жалған шарт жасаған. Соның негізінде «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған.
Қазіргі уақытта заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 млрд теңгеден асады.
Құқыққа қарсы әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы мен екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған.
Төрт онлайн казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтады. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Виетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаруды жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған.
Оның айналымы 200 млн USDT-тен асып түскен.
70-тен астам тінту жүріп, заттай дәлелдемелер тәркіленген. Сот санкциясы арқылы «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі бар тоғыз тұлғаға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қазіргі уақытта олардың ішінде шетел азаматтары бар сегіз адамды халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалып жатыр.
