Қазіргі қарбалас тіршілікте адамдар жұмыстан шаршап, көңіл-күйі болмауы немесе уақытша апатияны бастан өткеретіндектен, мұның бәрі қалыпты күй сияқты сезіледі. Алайда бұл сезімдер кейде терең психологиялық дағдарысқа ұласып, өзіне қол жұмсау туралы қауіпті ойға себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ең маңыздысы – жақыныңыздың жан айқайын дер кезінде байқап, күйін түсіне білу.
Жақыныңыздың бойынан суицид туралы ой бар екенін байқасаңыз, қалай көмектесуге болады? Бұл туралы кризистік және тәуелдіктер бойынша психолог, психотравматолог, EMDR терапевттер қауымдастығының мүшесі Алтыншаш Матаевамен әңгімелестік.
Маманның айтуынша, суицид туралы ой көбіне адамның мінез-құлқындағы өзгерістерден байқалады.
Өлім туралы жиі айту, жақындарымен қоштасуды тұспалдау, оқшаулану, өзіне кінә арту, өмірге қызығушылықтың жоғалуы, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, алкоголь мен есірткіні шамадан тыс қолдану – мұның бәрі адам ауыр психологиялық дағдарыста екенін көрсететін айқын белгілер. Мұндайда жай ғана «шаршаған екен» деп мән бермеу өте қауіпті, — дейді Алтыншаш Матаева.
Психолог адамның эмоциялық күйін үш деңгейге бөліп түсіндірді: қысқа мерзімді көңілсіздік, апатия және клиникалық депрессия. Көңілсіздік – үміттің ақталмауы немесе жай шаршаудан туатын, бірнеше күнде өтіп кететін жеңіл күй. Ал апатия – адамның бұрын ләззат сыйлаған нәрселерге қызығушылығын жоғалтып, мотивациясы төмендейтін тұрақты жағдай. Депрессия – биологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторлардың әсерінен дамитын ауыр ауру. Депрессия бірнеше айға немесе жылға созылып, адамның өмір сүру сапасын күрт төмендетеді және суицид қаупін арттырады. Бұл – кәсіби емдеуді қажет ететін психикалық бұзылыс.
Маман суицид туралы сөздерді естігенде адамдардың жиі жіберетін қатесіне де тоқталды.
Қоғамда көпшілік жақынының ауыр күйін көрсе, оның өмірі үшін жауапкершілік алып, түрлі кеңеспен «құтқаруға» тырысады. «Алладан қорқу керек», «бұлай ойлауға болмайды», «балаларыңды ойла», «өзіңді қолға ал» деген сияқты сөздер қоғамда жиі айтылады. Тіпті, өзіңіз де талай рет жақыныңыз қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанда эмпатия танытып, осылай жұбатуға немесе дем беруге тырысқан шығарсыз? Алайда дәл осы фразалар қиналып жүрген адамның психикасына одан сайын ауыр тиіп, күйзелісті тереңдетіп жібереді, — дейді ол.
Маманның айтуынша, «сабыр ет», «бұдан да зорын көргенбіз», «сынба, мойыма», «қиналып жүрген жалғыз сен емес» деген сөздер мәселені шешпейді. Керісінше, адамның сезімін құнсыздандырып, өзін әлсіз, қорғансыз сезінуіне себеп болады. «Сөз емдейді, сөз өлтіреді» деген ой осы тұста өте орынды. Сондықтан суицид ойы байқалғанда адамның ішкі күйін сөзбен «түзетуге» тырыспай, жағдайды асқындырып алмас үшін кәсіби маманға бағыттау керек.
Ескертетін жайт сол, жақыныңыз маманға барудан көбіне бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда оны қысыммен емес, жұмсақ түрде қолдап, бірге баруды ұсынуға болады. «Мен бардым, жақсы көмектесті», «танысым барды, ойы өзгерді» деген секілді мысалдар адамның бойындағы күмәнді азайтуға көмектеседі. Дегенмен мұнда да өте сақ болу керек.
Суицидті ойлап жүрген жақынын маманға жетелейтін адамның өзі психиатр мен психологтың айырмашылығын, кім қандай жағдайда көмектесетінін түсініп тұрғаны маңызды. Дұрыс бағыттай алмаған қолдау керісінше зиян тигізуі ықтимал, — дейді Алтыншаш Матаева.
Суицид туралы ой жасөспірімде пайда болса, қауіп әдеттегіден де жоғары. Алтыншаш Матаеваның айтуынша, жасөспірім «өлгім келеді» десе, бұл жай сөз емес, сигнал.
Маман суицид туралы ойды вирусқа теңейді: ол адамға байқалмай жұғып, уақыт өте келе өршіп, жанындағыларға да әсер етуі мүмкін. Вирус дер кезінде емделмесе, ауру процесі ұзақ әрі қиынға соғатыны сияқты, суицид туралы ой да уақыт өткен сайын тереңдей береді. Сондықтан алғашқы белгілерді байқап, дер кезінде көмек беру – ең тиімді және қауіптің алдын алудың жалғыз жолы. Ал cуицид туралы ой адамның бойында болмауы үшін оның «иммунитетін», яғни өмірге деген құлшынысын, ішкі сенімін, құндылықтарын нығайту керек.
Психологтың айтуынша, кейде адамдар жақынының «өзімді өлтіремін» деген сөзін жай ғана өзіне назар аударту, демонстративті әрекет деп қабылдайды.
Мұндай сөз ешқашан жай айтылмайтынын біліңіз. Бұл – нақты белгі, тіпті, алғашқы SOS сигналы деуге болады. Оны елемеу немесе жеңіл қарау кейін өкінішке әкелуі мүмкін. Кейде адам суицидті ойға алғанымен, айналасына көрстепеуі мүмкін. Қайғылы оқиға болған соң барып, жақындары «Кеше ғана арамызда күліп-ойнап жүр еді, бұлай болады деп кім ойлаған?» деп жатады. Мұның бәрі адамның болмысына, темпераментіне байланысты. Кей адам жалпақ жұртқа жария етпей, іштен тынып жүре береді. Алайда мен айтқан белгілер әңгімесінен байқалса, ол адамға мән беру керек, — дейді маман.
Жақыныңыз, танысыңыз, досыңыз немесе туысыңыздың суицид туралы ойы бар екенін байқасаңыз және оған қалай көмектесу керегін білмесеңіз, Қазақстанда тәулік бойы істейтін сенім телефондары бар. 111 және 150 нөмірлері арқылы кәсіби мамандардан кеңес алуға болады.
Суицид туралы ой – әлсіздіктің емес, адамның жан дүниесінің жараланғанының белгісі. Ал оны емдеу – кәсіби көмек пен дұрыс қолдауды қажет ететін күрделі процесс. Жақыныңыздың даусыз белгілерін байқасаңыз, бірден әрекет етіңіз. Өмірді сақтап қалу кейде тек үнсіз тыңдай алғаннан және оны дұрыс маманға апарудан басталады.
