Не болды?
Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Петровка ауылының маңында Алаштың аса көрнекті қайраткері, жазушы-журналист Міржақып Дулатұлының құрметіне қойылған мемориалдық кешенді белгісіз біреулер бүлдіріп кеткен. Бұл туралы әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Мәлімет
1918 жылғы шілдеде Қызылжар маңындағы Аққұсақ деген жерде Міржақып Дулатұлы атақты заңгер Айдархан Тұрлыбайұлымен жиын ұйымдастырған. Сол жерде ел-жұртқа Алаш идеясы түсіндірілген.
107 жыл өткенде осы аумаққа (Жамбыл ауданындағы Петровка ауылының маңы) мемлекеттік бюджетке қол салмай, жекелеген кәсіпкерлердің, онда да Алаш қайраткерлері ұрпақтарының көмегімен мемориалдық кешен тұрғызылды. Қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуға тиіс болған. Алайда уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар кешеннің қасақана қиратылған, бүлінген күйіне тап болған. Жаға ұстатар бұл сорақылықты кім жасады? Вандализммен жақсы дүниені бүлдіргендердің ойында не бар? – деп жазды Заңғар Кәрімхан.
Кешенді жасағандардың айтуына қарағанда, СҚО әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кеткен.
Не үшін? Қандай мақсатта орындалды? Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойына қарағанда, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс. Солтүстік Қазақстан газеті, осы рас па? Олар нұсқау жоғары жақтан келді деп ақталуы да мүмкін. Кешенді толық қиратуға дәті жетпеген сияқты. Алаштың асыл азаматтарының азиз рухы басты ма, әлде өзге бір себеп бар ма, облыс атқамінерлері мүлдем жойып жібере алмапты. Енді не болмақ? – дейді Заңғар Кәрімхан.
Анықтама
Міржақып Дулатұлы – ақын, жазушы, публицист, педагог, Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі. Ол XX ғасыр басындағы қазақ қоғамын оятуға, ұлттың саяси-мәдени санасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан.
