Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Әскерде жарақат алған Ербаян Мұхтар елге оралды

Фото: Инга Иманбайдың парақшасынан
Міндетті әскери борышын өтеп жүрген кезінде жұмбақ жағдайда ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар Түркияда ем қабылдағаннан кейін Қазақстанға оралды.

Оның заңды өкілі Инга Иманбайдың мәліметінше, сарбаздың қазіргі жағдайы тұрақты, ал дәрігерлер емнің толық әсері үшін кемінде үш ай уақыт қажет екенін айтқан. Осыдан кейін Ербаян реабилитацияны жалғастыру үшін Ыстамбұлға қайта оралады.

Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған осы жолда халықтың қолдауы үлкен күш беріп келеді, – деді Инга Иманбай.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар 2023 жылғы көктемде әскерге шақырылып, Алматыдағы Ұлттық ұлан бөлімінде қызмет атқарған. 2023 жылғы желтоқсанда ол әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда жарақат алып, комаға түскен. Төрт ай ес-түссіз жатқаннан кейін, 2024 жылғы мамырда есін жиған.

Әскери басшылықтың «сарбаз өзі құлап, басын кафельге соққан» деген нұсқасына Ербаянның ата-анасы күмән келтіріп, жұрттан көмек сұраған. Қоғамдық қолдаудың арқасында жиналған қаржы оның Түркияда ем алуына мүмкіндік берген.