Алматыда Назарбаев даңғылының батыс бөлігінде, Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан жаңа сквер ресми түрде ашылды.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Жоба қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, жайлы қалалық орта құруға бағытталған. Нысанның жалпы аумағы 4,16 гектар, оның үш гектары жасыл аймаққа тиесілі.
Сквер аумағында:
-
заманауи жарықтандыру мен автосуару жүйелері орнатылған,
-
10 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы төселген,
-
77 орындық пен 52 қоқыс жәшігі қойылған,
-
425 ағаш және 590 бұта егілген.
Нысанның басты ерекшелігі — жасанды тоған. Қыс мезгілінде ол сырғанақ айдынына айналады.
Мамандардың айтуынша, құрылыс кезінде экологиялық және климатқа бейімделген материалдар пайдаланылған. Жаңа сквер қаланың орталығындағы жасыл желек жүйесін толықтырып, тұрғындар үшін жыл бойы демалуға қолайлы орынға айналды.
