Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) жаңа форматы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлап отыр.
Енді жаңартылған тест тек академиялық білімді ғана емес, заманауи өмір мен еңбек нарығында қажет дағдыларды да бағалайтын болады.
Жоба ETS (Educational Testing Service) атты халықаралық ұйыммен бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл ұйым әлем бойынша білім мен қабілетті бағалау жүйелерін (соның ішінде TOEFL және GRE тестілерін) әзірлейді.
ETS-пен әріптестік – еліміздің білім беру жүйесі үшін маңызды қадам. Біз жастардың әлеуетін ашуға және жоғары оқу орындарына түсу процесін әділ, заманауи әрі халықаралық деңгейге сай етуге ниеттіміз, – деді ғылым және жоғары білім министрі.
Жаңа форматтағы ҰБТ қазақстандық талапкерлерге тең мүмкіндік беруді, тест комбинациясын икемді таңдауға жағдай жасауды және өңір мен оқыту тіліне тәуелсіз әділ бағалауды көздейді.
ETS бас директоры Амит Севак бұл ынтымақтастықтың халықаралық тәжірибе алмасуға және білім сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

