Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді?

Не болды?

2025 жылғы 1 қарашадан бастап елімізде бірқатар маңызды өзгеріс болады. Күздің соңғы айы сенбі күні басталады. Қосымша демалыс күндері болмаса да, қарашада халық 10 күн демалады(қазанда 9 күн болған). Baribar.kz қараша айындағы бас жаңалықтар мен өзгерістер тізімін ұсынып отырмыз.

Қараша жауан-шашынды болады

Қазгидромет хабарлауынша, қарашада елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс аймағында қар аралас жаңбыр жауады. Елдің солтүстік, орталық және шығыс аймағында қатты жел тұрып, бұрқасын, көктайғақ болуы мүмкін және тұман түсуі мүмкін.

Қараша айында ауа температурасы өзгеріп отырады.

Республиканың солтүстігінде, орталығында, шығысында бірінші онкүндіктің басында ауа температурасының түнде 2-7 градус аяздан 0-5 градус жылыға дейін, күндіз 2-7 градус жылыдан 5-10 жылыға дейін жоғарылауы мүмкін. Онкүндіктің соңына қарай түнде температура 7-12 аязға дейін, күндіз 0-5 аязға дейін біртіндеп төмендейді деп болжанады.

Қарашаның екінші және үшінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 5-12 градус аяздан 10-16 градус аязға дейін, елдің орталығында және шығысында 18 градус аязға дейін, күндіз 3 аяз–2 градус жылыдан 5-10 градус аязға дейін өзгереді.

Айдың соңында ауа температурасы түнде 15-20 градус аязға дейін, күндіз 10-15 градус аязға дейін төмендейді.

Салық органдары мүлік қарызын сот орындаушыларына жібере бастайды

14 қарашадан бастап салық органдары қарызы 1 АЕК-ден (2025 жылы 3 932 теңге) асқан істі сот ісін жүргізуге жібере бастайды. Қарыз бес жұмыс күні ішінде төленбесе, құжат жеке сот орындаушыға жіберіледі.

Жеке сот орындаушысы қарызы бар адамның:

  • банк шоттарын бұғаттауға;
  • жылжымайтын мүлікке және басқа да мүлікке қатысты операцияларға тыйым салуға;
  • 40 АЕК (2025 жылы 157 280 теңге) немесе одан көп қарызы болса, шетелге шығуға тыйым салуға құқылы.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені қайта көтеруі мүмкін

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, инфляция төмендемесе, базалық мөлшерлеме тағы да көтерілуі мүмкін. Қазан айындағы базалық мөлшерлеме — 18%.

Қарашада жаңа болжамдық раунд өтеді. Онда негізгі макроэкономикалық параметрлер қайта есептеледі. Ішкі және сыртқы факторлардың инфляцияға әсері бағаланады. Келесі жоспарлы шешім 2025 жылғы 28 қарашада, 12:00-де жарияланады.

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қосымша өтінім қабылданады

3 қарашадан бастап «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларына қосымша өтінім қабылдана бастайды.

«Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарты – кейінгі бес жылда өтінім беруші мен оның отбасы мүшелерінің меншігінде тұрғын үй болмауы.

«Наурыз Жұмыскер» бағдарламасы жұмысшы маманға арналған. Өтінім Отбасы банкінің филиалдарында қабылданады. Банкке жұмыс орнынан анықтама да апару қажет.

Көші-қон есебі жеңілдейді

1 қарашаға дейін көші-қон процесінің бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Барлық көші-қон рәсімі бір қызметке біріктіріледі. Жаңа жүйе мынадай мүмкіндік береді:

  • сапар мақсаты туралы ақпарат азамат келгенге дейін белгілі болады;
  • тексеру автоматты түрде жүреді;
  • мигранттармен өзара әрекет «бір терезе қағидасы» бойынша өтеді;
  • көші-қон ағынын болжау үшін аналитикалық база құрылады.

Министр Жаслан Мәдиевтің сөзіне қарағанда, бұл жүйе жұмыстың 60–70%-ын жеңілдетіп, ақпарат қайталануын жойып, ашықтықты арттырады.

Жаңа әуе рейстері ашылады

Qazaq Air (Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясы қараша айынан бастап жаңа бағыттарды іске қосады:

  • Астана – Самарқан – Астана рейсі — 7 қарашадан бастап, жұма және жексенбі күндері ұшады;
  • Астана – Бішкек – Астана рейсі — 10 қарашадан бастап, дүйсенбі және бейсенбі күндері ұшады.

FlyArystan 29 қарашадан бастап Ақтау – Дубай тікелей рейсін ашады. Ол сенбі сайын, ал мереке болса сейсенбіде де ұшады. Билет бағасы 62 мың теңгеден басталады.

Оқушылардың күзгі демалысы аяқталады

1–11-класс оқушылары 27 қазан – 2 қараша аралығында демалады. 3 қарашадан бастап екінші тоқсан басталады. Ал қысқы демалыс 10 күнге созылады — 29 желтоқсаннан 7 қаңтарға дейін.

«Қайрат» халықаралық клубтармен ойнайды

  • 6 қарашада Алматының «Қайраты» Миланда «Интерге» қарсы «Сан-Сиро» стадионында ойнайды (Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады).
  • 26 қарашада команда Дания астанасы Коупенһегенде жергілікті клубпен «Паркен» стадионында кездеседі (Астана уақытымен сағат 22:45-те басталады).

Қазақ файтері UFC тарихындағы алғашқы Қатар турниріне қатысады

22 қарашада Дохада файтер Асу Алмабаев америкалық Алекс Переспен жекпе-жек өткізеді. Бұл — Қатардағы алғашқы UFC турнирі. Асу Алмабаев үшін кездесу оның жеңісін жалғастыру мүмкіндігі болмақ. 26 шілдеде ол төрешілердің шешімімен перуандық Хосе Очоаны жеңген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да