Президент KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты

Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы KIA Qazaqstan автомобиль зауытын ашты. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Президент бұл еліміздегі машина жасау саласын дамыту бағытындағы өте маңызды қадам екеніне назар аударды.

Жалпы, бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сонымен қатар КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. KIA – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс атқарылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті.

Президент өз сөзінде мемлекеттің машина жасау саласына баса мән беретінін атап өткен.

Былтыр осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі жарым есе көп. Осы үрдіс биыл да жалғасып келеді. Жыл басынан бері осы салаға 178 миллиард теңге қаражат салынды. Инвесторлар Қазақстанға зор қызығушылық танытып отыр. Ауқымды шаралардың нәтижесінде бұл бағытта бірқатар табысқа қол жеткіздік. Өткен жылы еліміз 145 мыңнан астам көлік шығарды, — деді президент.

Президенттің айтуынша, Астана, Алматы, Семей, Орал, Көкшетау, Қостанай және Саран қалаларындағы автокөлік кәсіпорындарында он мыңнан астам азамат жұмыс істейді Оның жартысына жуығы – жастар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да