Астанаға LRT желісін сынақтан өткізу бойынша жоспарлы іс-шаралар жалғасып жатыр. Қалаға тағы екі жылжымалы құрам жеткізілді.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
17 және 18 қазанда жаңа пойыздар эстакадаға орнатылады. 17 қазанда бірінші құрам Қабанбай батыр даңғылы бойындағы «Астана жұлдызы» стелласы маңындағы №104 және №105 станциялар арасына қойылады. Ал 18 қазанда екінші құрам Ш.Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында, №113 (Министрліктер үйі) және №114 (Ұлттық музей) станциялар арасына орнатылады, — делінген хабарламада.
Жүк көтеру және монтаждау жұмыстарына байланысты 18 қазан сағат 00:00-ден 19 қазан сағат 06:00-ге дейін Ш.Қалдаяқов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылы қиылысында көліктердің қозғалысы уақытша шектеледі.

