Өзен арнасын бітеп тасатаған. Алматы облысы әкімі жер иесін сотқа бермекші

Не болды?

Алматы облысы әкімдігі Тереңкара өзені арнасының бітелуіне әсер еткен Түймебаев ауылындағы жер телімінің иесін сотқа беру үшін дайындық жүргізіп жатыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлап отыр.

Мәлімет

Алматы облысының Іле ауданында жер иесі Тереңкара өзенінің арнасына қоқыс толтырып тастаған. Соның салдарынан өзеннің тереңдігі мен ағысы өзгерген. Мамандар мұның салдарынан туындауы мүмкін су басу қаупі мен экологиялық зиян туралы ескертіп отыр.

Мәселе 2024 жылы басталған. Ал 2025 жылы Алматы облысы бойынша экология департаменті тексеріп, жер иесіне 275 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Аумақты тазарту туралы шешім де шыққан. Алайда жер иесі талаптарды орындамаған.

Енді билік өкілдері өзен арнасын қалпына келтіруді (рекультивацияны) сот арқылы талап етпек.

Ащыбұлақ округінің әкімі Бахтияр Қасымбек алғаш болып дабыл қағып, істі тексеруге себепші болған. Алайда ол да «уақтылы әрекет етпеді» деген себеппен айыппұл алған. Әкім бұл шешімге келіспей, шағым түсірмекші.

Табиғи аумақтардың ластану фактілері назардан тыс қалмайды. Өзен арнасын қалпына келтіру және тәртіп орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Әкімдік бақылауды күшейтеді, – дейді Ащыбұлақ ауылдық округі әкімдігі.

Ақпарат

Тереңкара өзені – Кіші Алматы өзенінің сол жақ саласы. Өзен Қапшағай су қоймасына құяды. Ащыбұлақ ауылдық округі аумағында өзеннің ұзындығы — шамамен 17 шақырым, ал су қорғау аймағының ені – 120 метр. Экологтардың айтуынша, өзен арнасына тиісу табиғи тепе-теңдікке айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.