Қостанай облысында заңсыз су алған кәсіпорынға айыппұл салынды

Қостанай облысында ұңғымадан арнайы рұқсатсыз су алған кәсіпорынға 1 671 100 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлап отыр.

Министрліктің мәліметінше, Тобыл–Торғай бассейн инспекциясы «судың қара нарығына» қарсы іс-шаралар аясында арнайы су пайдалану рұқсаттарын тексеру кезінде Рудныйдағы кәсіпорынның заңсыз су алып келгенін анықтаған. Бұл — инспекцияның биылғы жылы салған ең ірі айыппұлы.

2025 жылы инспекция ӘҚБтК-нің 141-бабы бойынша бес құқықбұзушылық тіркеді. Осы деректер бойынша жалпы сомасы 2,3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Барлық заңбұзушылыққа арнайы су пайдалану рұқсатын алу жөнінде нұсқама берілді, – делінген хабарламада.

Ведомство жаңа Су кодексінің қадағалау тетіктері инспекторларға заңбұзушылықтарды жедел анықтап, айыппұл салуға мүмкіндік беретінін атап өтті.