Әлеуметтік желіде «рэпер Снуп Догг қаздан қашқан қазақ бүлдіршіннің видеосын сторисына салды» деп, бөркімізді аспанға аттық. Қаздан қашқан бүлдіршінге «Ауыл» партиясы 100 қаз сыйлаған.
Жалпы, кейінгі кезде әлеуметтік желіге ата-анасы баласының қорыққан видеосын немесе танымайтын баланы қорқытып, видео жариялау қызыққа айнала бастады. Видеоны түсіріп тұрғандар баланың қорыққанын қызық көреді. Ал заңгер Еркебұлан Оразов бала өскен соң видеоны жариялаған ата-анасын және өзге де ересектерді соттай алатынын айтып отыр.
Баланың видеосын ата-анасының рұқсатынсыз жариялауға болмайды
Заңгер Еркебұлан Оразов видео жариялап жатқандар баланың болашағын, оның өз құқықтары мен жеке өмірге қол сұқпауына қатысты еркіндігі бар екенін ескере бермейтінін айтады.
Конституцияның 18-бабында әркімнің жеке өміріне, жеке және отбасылық құпиясына қол сұғылмауына құқығы бар екені жазылған. Азаматтық кодекстің 145-бабы бойынша, адамның келісімінсіз оның бейнежазбасын жариялауға тыйым салынады. Бұған қоса, «Баланың құқықтары туралы» заңның 10-бабында баланың жеке өміріне араласуға, абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол берілмейтіні көрсетілген, — дейді Еркебұлан Оразов.
Баланың да рұқсаты керек
Азаматтық кодекстің 22-бабында бала 14 жастан бастап белгілі бір мәмілелерді өз бетінше жасай алатыны көрсетілген. Бала бұл жастан кіші болса, шешімді ата-анасы немесе қорғаншысы қабылдайды. Алайда бұл оның пікірін елемеуге болады деген сөз емес.

БҰҰ-ның «Балалар құқықтары туралы» конвенциясы бойынша, баланың пікірі қашан да ескерілуге және құрметтелуге тиіс. Қазақстан заңнамасы да осы қағиданы қолдайды. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 62-бабында бала өз мүдделеріне қатысты мәселеде пікір айтуға құқылы екені, ал 10 жасқа толған баланың пікірі міндетті түрде ескерілетіні және кейбір жағдайда шешім тек оның келісімімен қабылданатыны көрсетілген, — дейді заңгер.
Біреудің баласының видеосын рұқсатсыз жарияласа, не болады?
«Жеке өмірге қолсұғылмаушылық» қағидасы бұзылса, рұқсатсыз жарияланған фотоны немесе бейнематериалды жариялаған адам айыппұл арқалағаннан бастап, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Ал «пранк» жасағанда баланың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сипат байқалса, ол Қылмыстық кодекстің 131-бабы «Қорлау» бойынша сараланып, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Биылғы сәуірде бір блогер өзінің дәмханасының жарнамасына тоғыз жастағы баланы ата-ананың рұқсатынсыз түсіріп, басы дауға қалған еді. Видеоға ілігіп қалған балаға қатарластары буллиң жасаған. Блогер сотта жауапқа тартылып, баланың ата-анасына 500 мың теңге мораль шығынын және оның адвокатқа кеткен шығынын өтеп беріп, жұрт алында кешірім сұрады.
Бұл оқиға жеке өмірге қол сұққызбайтын заң нормасы іс жүзінде қатаң қолданылатынын көрсетті, — дейді Еркебұлан Оразов.
Жариялауға рұқсатты ауызша алуға бола ма, әлде жазбаша ма?
Заңда «рұқсат тек жазбаша алынуға тиіс» деп нақтыланбаған. Дегенмен кейін дау туғандағанда дәлелдеу үшін рұқсатты жазбаша немесе электрон нұсқасын алған дұрыс.
Мысалы, ата-анасы қолхат жазып берсе немесе мессенджер арқылы жазбаша келісім білдірсе – бұл сотта заңды дәлел бола алады.
Бала өскен соң видеосын жариялаған адамды соттай алады
Бала «абыройымды түсірді» деп сотқа жүгіне алады. Қазақстанда әзірге ата-анасын осындай жағдай үшін сотқа берген оқиғаны естіген жоқпын. Дегенмен шетелде мұндай мысалдар бар, — дейді маман.
Мысалы, 2016 жылы Австрияда бір қыз әлеуметтік желіге тіркеліп, ата-анасының Facebook-те жариялаған балалық шақтағы суреттерін көрген. Оның ішінде интим сипаттағы фотолар да болған: бірінде ол «горшокта» отырса, енді бірінде жалаңаш төсекте жатқан. Қыз оларды өшіруді талап еткенімен, ата-анасы бас тартқан. Нәтижесінде, қыз 18 жасқа толған соң ата-анасын сотқа берген, іс оның пайдасына шешілген.
Еркебұлан Оразов желі қолданушыларына кеңес берді.
Өз балаңыздың немесе өзге баланың бейнесін әлеуметтік желіге салмас бұрын, «Оның құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келмей ме?» деп ойланған жөн. Тіпті, ең бейтарап суреттердің өзі белгілі бір қауіп-қатерді жасыруы мүмкін. Өйткені сіз оларды әлеуметтік желіге жариялаған сәттен бастап, ол суреттерді бақылау мүмкіндігінен айырыласыз. Бұл фотоларды үшінші тұлға жүктеп алып, өз қалауынша пайдаланбайтынына кім кепіл? Ал бейнаматериалды көру оңай болған сайын, материалды пайдаланғысы келетіндерден болатын қауіп те көп, — дейді заңгер.
***
«Баланың суретін желіге келісімшартсыз жариялау заңсыз». Елімізде баланың қандай құқығы бар?
