Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Қырғыз Республикасы Жалал-Абад облысының Жалал-Абад қаласын Манас қаласы деп қайта атау туралы» заңға қол қойды.
Бұл туралы Қырғыз Республикасы президентінің ресми сайты хабарлап отыр.
Заңның мақсаты – ұлттық идеологияны нығайту, Жалал-Абад қаласына ұлы Манас батырдың есімін беру. Ол – қырғыз халқын түрлі шапқыншылықтардан қорғаған халық қаһарманы. Осыған байланысты заңда Жалал-Абад облысындағы Жалал-Абад қаласын Манас қаласы деп қайта атау көзделген, – делінген президенті әкімшілігінің хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, заң ресми жарияланған күннен бастап 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Жалал-Абад – Қырғызстандағы үшінші ірі қала, Жалал-Абад облысының әкімшілік орталығы. Халқы – 184 400 адам.

