Қазақстан мен Гонконг әуе қатынасы мәселелері бойынша келіссөз өткізді. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.
Қазақстан делегациясына көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ал Гонконг делегациясына Гонконгтың көлік және логистика бюросының бас хатшысының көмекшісі Келвин Ма жетекшілік етті.
Келіссөздердің нәтижесінде әр елдің әуекомпаниялары үшін рейстер саны аптасына жетіден 14-ке дейін ұлғайтылды. Соның ішінде аптасына жеті рейс «ауа кеңістігінің бесінші дәрежелі еркіндігі» қағидасы бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар үшін Гонконг әуежайының әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ гонконгтық әуе компанияларына қазақстандық әуежайларды қолдануға мүмкіндік береді, — делінген ресми хабарламада.
Ал гонконгтық Cathay әуекомпаниясының өкілі жаңа ұшақтардың жеткізілуіне қарай Қазақстанға тікелей рейстер ашу жоспары бар екенін жеткізді.
Айта кетері, Cathay әуе компаниясы – әлемдегі ең ірі жолаушылар мен жүк тасымалдаушы әуе компанияларының бірі. Әлем бойынша 100-ден астам бағытқа ұшады. Ал ұшақ паркі 170-тен астам әуе кемесінен тұрады.
