Әйгерім Әбіл — балалар дәрігері және нутрициолог. Baribar.kz тілшісі дәрігерден күнделікті асқа не ішіп-жеу керек екенін сұрап, білді. Дәрігер ұйқыдан тұрғанда ауыздан не себепті жағымсыз иіс шығатынын да түсіндіріп берді.
Неше сағат сайын тамақ ішу керек?
Денсаулығы қалыпты адам күніне үш мезгіл тамақ ішсе, жетеді. Әр астың арасы бес сағат болуы керек. Кешкі асты ұйықтар алдында үш-төрт сағат бұрын жеген дұрыс. Өйткені ұйқыға ас қорыту процесі кері әсер етпеуі қажет.
Мысалы, таңғы асты сағат 8-де ішсеңіз, түскі асты сағат 13:00-де ішесіз. Кешкі ас дастарханына сағат 18:00-де отырасыз. Сағат 19:00-ден бастап ағзада ұйқыны шақыратын мелатонин гормоны көп бөліне бастайды. Сағат 22:00 мен 23:00 арасы — мелатониннің ең көп бөлінетін уақыты. Негізі осы уақытта адамның қатты ұйқысы келіп тұрады. Сол уақытта бірден ұйықтап қалса, таңға дейін ұйқысы сапалы болады. Ал дер уағында ұйықтамаса, түнгі 12, 1-ге дейін ұйықтай алмауы мүмкін, — дейді Әйгерім Әбіл.
Таңертең ауыздан не үшін жағымсыз иіс шығады?
Асқазан қышқылы төмен адамның аузынан таңертең жағымсыз иіс шығады. Дәрігер асқазан қышқылын құртатын фактор көп екенін айтып отыр.

Асқазан қышқылы ең бірінші дұрыс ұйықтамағаннан бұзылады. Сағат түнгі 23:00 мен 00:00 арасында асқазан, ішек жолында қайта қалпына келу процесі жүреді. Бұл уақытта адам ұйықтап жатуы керек. Ұйықтамаса, қалпына келу процесі физиологиялық тұрғыда жүрмей қалады да, бұл ағзалардың жұмысы бұзылады, — дейді дәрігер.
Әйгерімнің айтуынша, екінші фактор — тамақ ішіп отырғанда суды, сусынды, шайды араластыру. Бұл туралы алдыңғы материалда жаздық.
Тамақ қортылымаған күйі ішекке өткенде ішектің микрофлорасы бұзылады. Сосын бұзылыс жоғары қарай көтеріле береді де, асқазанға, одан өңешке, одан жұтқыншаққа жетеді. Тілдің бетін ақ жабын жауып тұрса, асқазан қышқылы бұзылған деген сөз. Содан таңертең ауыздан жағымсыз иіс шығады. Қалыпты жағдайда, тілдің түсі қызғылт болуға тиіс.
Тіс құрттаса да жағымсыз иіс шығады. Дәрігер тіске құрт түсіретін бактериялар шіріген жұмырқаның иісіне ұқсас иіс шығарады дейді.
Таңғы, түскі және кешкі асқа не жеу керек?
Нутрициолог таңғы ас бүкіл ағзаның қызметін іске қосатынын айтады. Сондықтан кешкі асты емес, таңғы асты молынан ішу керек. Таңғы ас күні бойы ішетін астың 50%-ы болуға тиіс.
Біздің рационымыз ақуыз, көмірсу және май деген негізгі макронутриенттен тұрады. Таңғы аста бұл үшеуі де болуға тиіс. Таңғы дастарханда жұмыртқа, ет, қазы-қарта, тіл, бауыр сияқты ақуызға бай тағамдар тұруы керек. Нанның құрамында көмірсу бар. Оған жағып жейтін сапалы сарымайдың құрамында май бар, — дейді нутрициолог.
Дәрігер зәйтүн майы, авокадо сияқты түрлі-түрлі сапалы майды жеу керек екенін айтып отыр. Олардың құрамында түрлі дәрумен болады. Таңертең ағза күннен Д3 дәруменін алады. Ол теріде синтезделіп, қанға сіңуі қажет. Алайда таңғы, түскі аста сапалы май жемесеңіз, Д3 дәрумені ағзаға сіңбей қалады. Өйткені бұл — майда еритін дәрумен.

Түскі аста міндетті түрде ыстық тамақ ішу керек. Ас құрамында ақуыз, көмірсу және май болуға тиіс. Жанында құрамында жасұнық бар салат болғаны дұрыс. Жасұнық түсі жасыл, қызыл көкөністің көбінің құрамында бар.
Көмірсу жеңіл және күрделі болып бөлінеді. Құрамында күрделі көмірсуы бар мынадай тағамдар пайдалы: жасұнық, алма, сұлы ботқасы, қақ өрік, қияр, қызанақ, грейпфрут, макарон түрлері. Ал күріш, банан, қарбыз, картоп, нан, қант, шекер, піспенан сияқты жеңіл көмірсу тұтынудың шегі болғаны дұрыс. Өйткені жеңіл көмірсу ағзадағы қант деңгейін көтеріп жібереді де, адам қант диабеті ауруына ұшырауы мүмкін.
Кешкі асқа құрамында күрделі де, жеңіл де көмірсуі бар тағамды жемеген дұрыс. Кешке қарай ұйқыбез демалуы керек. Ал демалуға «қамданып жатқан» ағзаға көмірсу түссе, қандағы қант деңгей көтеріледі де, ұйқыбезден инсулин гормоны бөлінеді. Инсулин тәттіні ыдыратып отырады. Сөйтіп, жасушаларға тәтті барған соң, олар энергия шығарады. Ал адам кешке энергиясын көбейтпеуі керек, керісінше, ағзаны тыныштандырып, ұйқыға дайындағаны дұрыс, — дейді Әйгерім Әбіл.
Оның айтуынша, онсыз да күндіз бөлінетін инсулин кешке де бөліне берсе, оның қоры азайып кетеді. Содан ағзаға түскен тәтті ыдырамайды да, қант диабеті ауруы басталады.
Әсіресе, жазда кешке ыстық тамақтың орнына, салат жеген дұрыс. Салқындататын көже, айран ішуге де болады.
Нутрициолог жазда сол уақытта пісіп жатқан көкөніс-жеміс дастарханда тұруы керек екенін айтып отыр. Оларды қатырып, қыста жегенмен, дәл жаздағыдай дәруменге бай болмайды. Тек тәтті жемістерді кешке жемеген дұрыс.