Ол әкім болып қызмет еткен 15 жыл ішінде түк бітірмеген. Қарақобдадағы жарты ғасырға жуық тарихы бар саманнан салынған мектептің жағдайы мүшкіл. Клубтың халі жыларман күйде. Осылай деген Бердібек Сапарбаев Қарақобданы соғыстан кейінгі ауылға теңеді.
Қаңтардың 16-ы күні Алға ауданына қарасты Қарақобда ауылдық округінің әкімі Серікбай Құрмансейітов тұрғындар алдында есеп берді. Бұл жиынға облыс басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы барып қатысқан болатын. Өткен жылдың есебін тыңдап болған әкім ауыл басшысын сұрақтың астына алды.
− Оқыған есебіңде барлығын керемет деп жазыпсың. Көзімізбен көріп отырғанымыз мүлде басқа нәрсе.Ақтөбенің іргесіндегі елді-мекенде балалар саман мектепте білім алып жүр. Іші алқам-салқам. Төбесі құлағалы тұр. Қабырғасының сылақтары түсіп жатыр. Ауылды көгалдандырдық дейсің. Келе жатқанда ешқандай тал көргенім жоқ,-дедіБердібек Сапарбаев. Серікбай Құрмансейітов биыл мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі деп ақталды. Ол үшін 51 миллион теңге бөлінетін болған.
«Керек.info» тілшісі де ауылдың жағдайы мәз еместігін көзімен көрді.Жергілікті жұрттың сөзіне қарағанда, мәдени көпшілік шаралар мектептің спорт залында өткізіледі. Өйткені, клубтың есігі тарс жабық. Сыртында дәу қара құлып тұр. Бердібек Мәшбекұлы мәдениет үйіне кіріп, басын шайқап шықты. Қабырғаларының сылақтары түскен. Қабырғадағы жарықтардан көше көрініп тұр. Төбесінен су аққан. Еденінің сыры кеткен. Әбден тозығы жеткен. Ауылда бұзылған ескі үйлер де жетерлік.
Ақтөбеден 57 шақырым жерде орналасқан Қарақобдада қордаланып қалған мәселе аз емес. Соңғы жылдары егін шаруашылығының көлемі азайған. Округ әкімі оны ауа-райының құрғақшылығымен түсіндірді. Мыңға жуық халқы бар ауылдық округте 40 шаруа қожалығы тіркелген. Алайда, олардың халыққа берер пайдасы болмай тұр. Өңірде мал ұрлығы да көп. Жеті жылдан бері полиция пункті де жоқ.
Бердібек Сапарбаевтың Қарақобда тұрмысына көңілі толмады. Он бес жылдық еңбек өтілі бар ауылдық округ әкімі Серікбай Құрменсейітовтің жұмысында нәтиже жоқ деп баға берді. Олқылықтардың орны толмаса, жұмыстан шығасың — деп халық алдында қадап айтты.
Қарақобда селолық округіне Ерназар, Құмсай ауылдары кіреді. Бүгінде бұл үш ауылда 960 адам тұрып жатыр.