Биыл республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Ұлан» газетіне 95 жыл толып отыр. Газет бұрын «Қазақстан пионері», «Пионер» деген атаумен шыққан. Газеттің мерейтойы Алматыдағы Ұлттық кітапханада аталып өтті. Мерейтойға газеттің бұрынғы бас редакторлары, редакцияда істеген журналистер, газеттің бұрынғы-қазіргі жас тілшілері және Ахмет Жұбанов, Абай мектептерінің оқушылары қатысты. Мерейтойға Зейнолла Сәнік қоры қолдау көрсетті.

«Ұлан» газеті 1930 жылдан бері жарық көріп келе жатыр. Бұл газет – жас оқырманның сырласы, ақылшысы, досы бола білген, талай буынның ой-өрісін, шығармашылық әлеуетін дамытуға үлес қосқан рухани ұстаз. Газетке Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Бір айта кетерлігі, президенттің әкесі Кемел Тоқаев «Ұланның» бас редакторы болған.

Мерейтойда газет архиві мен мұрағаттағы суреттер тақтасы қойылды.

"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы
"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы

Газет ұжымы келген қонаққа арнап фотобудка қойыпты. Қонақтар фотоға түсіп, суретін шығарып алған соң, суретті естелік альбомға жабыстырып, «Ұланға» тілегін жазып кетеді. Бұл альбомдар газеттің архивінде сақталады.

"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы
"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы

Газеттің 95 жылдығына арналған концерт өтті. Сахнада Ахмет Жұбанов, Абай және өзге де мектептің оқушылары өнер көрсетті. Бір айта кетерлігі, бұл мектептер «Ұланның» тойында өнер көрсетуге өздері ұсыныс жасаған.

"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы
"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы
"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы
"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы

«Ұлан» газетінің бұрынғы қызметкерлері және қазіргі жас тілшілері газет жайлы пікір айтты. Балалар басылымына көңіл бөліп, қолдау керек екенін де жеткізді.

«Қазақстан пионері» 150 мың таралыммен шығатын»

Талғат Айтбайұлы — газеттің «Қазақстан пионері» кезіндегі 1980-1989 жылдардағы қызметкері. Редакцияға жұмысқа 4-курс оқып жүргенінде орналасқан.

Талғат Айтбайұлы
Талғат Айтбайұлы. Фото: Baribar.kz

Журналист Уәлихан Қалижан аға «Қазақстан пионерінің» бас редакторы болып келді. Менің Қазақ радиосында жүрген жерімнен осы қызметке шақырды. Газеттің «Мектеп және пионер» деген негізгі бөлімін басқардым, одан кейін жауапты хатшы болдым. Сол редакцияда өткен тоғыз жыл маған үлкен мектеп болды. Балалар газетінде сөйлем сауатты құрылуы керек, соны үйрендім, барынша қысқа жазуды да біліп шықтым. Талантты балалар Қазақстанның түкпір-түкпірінен газетке хат жазатын. Үлкен бір шоғыр жыл сайын «Қазақстан пионерінің» жолдамасымен ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түсіп жүрді. Оқу оқып жүріп, практикадан өту үшін бізге келетін, — дейді Талғат Айтбайұлы.

Оның айтуынша, ақын-жазушылар Қайым-Мұнар Табей, Қанат Қайым, Тынышбай Рақымов, Рақымбай Өтеген, журналистер Мырзантай Жақып, Жолдасбек Дуанабай сияқты мүйізі қарағайдай журналистер газеттің тілшісі болған.

Бір күні осы ұлттық кітапханаға келгем. Қарасам, Жолдасбек Дуанабай қасымда отыр екен. «Жолдасбек, 3-курстасың ба, әй?» деймін, «Иә», дейді. «Бізге жұмысқа келесің бе?» деймін, «Ала ма?» дейді. «Алады» дедім де, бізге корректор болып келді. Сөйтіп, біздің мектебімізден өсіп, кейін сол кездегі «Лениншіл жасқа» кетті, басқа да үлкен басылымдарда істеді, танымал журналист болды. Жалпы, балалар басылымында кім істесе де, бәрі жауапкершілікті сезінетін журналист болды. Сол жауапкершілік оларды өсірді, — деді Талғат Айтбайұлы.

Оның айтуынша, «Ұлан» әлі де өз деңгейінде тұр, әттең, таралымы аз. «Қазақстан пионері» 150 мың таралыммен шығатын. Өзбекстандағы «Өзбекстан пионері» 1 миллион таралыммен шыққан еді. Талғат Айтбайұлы ол кезде редакцияға берілген офистер үлкен болғанын әрі қаламақы жоғары болғанын да айтып өтті.

«Балалар басылымы тілшілерінің жалақысы аз»

Жұлдыз Әбділда — «Ұланның»» 2015-2018 жылдардағы бас редакторы. Оның айтуынша, бұл газеттің балалардың қалыптасуына және жақсы ортаға түсуіне ықпалы зор.

Жұлдыз Әбділда
Жұлдыз Әбділда. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір балалар түрлі теріс ағымға ілесіп, нашар ортаға түсіп, жаман әдетке үйір болып жатқанын естиміз. «Ұланның» ортасы ондай орталардан аулақ болуға, жақсы нәрсеге ұмтылуға тәрбиелеуде үлкен меткеп. Достықтың қадірін де үйретеді. Газетіміздің жас тілшілерінің достығы деген — сөзбен сипаттай алмайтын нәрсе, — дейді Жұлдыз Әбділда.

Журналистің айтуынша, қазір бұл газетке қолдау керек. «Газет оқылмайды, оның дәуірі өтті» дей бермей, керісінше оның жарқырап шығуына мүмкіндік берген дұрыс.

«Ұланда» істегенде екі білім министріне қарапайым нәрсені түсіндіре алмадық. «Ұлан» коммерциялық басылым емес, мемлекеттікі. «Балалар басылымы, тым болмаса, әр мектептің кітапханасында тұрсын» дегенді министрлер түсінбей кетті. Одан кейін «Ұланның» тиражын көбейтсе, балалар газетін танытса, оны қолдаса дегенді бірнеше ақпарат министрі де түсінбеді. Қазір газеттің қызметкерлері тілшінің ғана емес, әлеуметтік желіні жүргізетін SMM-нің, мобилографтың, әлжелідегі дизайнердің жұмысын қатар алып жүр. Оларға артық жұмысы үшін ақы да төленбейді. Өйткені министрлік балалар басылымына дұрыс ақша бөлмейді. «Ұланның» қаржы жағын көтерсе деймін. Газет журналистерінің, оның ішінде балалар басылымы тілшілерінің жалақысы онсыз да аз.

Жұлдыз Әбділда «Ата-анаға балаңызға балалар басылымын жаздырыңыз» дегеннің айыбы жоқ дейді.

Балаға жақсы нәрсе айтудың не жамандығы бар? Қайта ұмтылсын. Бір баланың ішінде талант жатқан шығар?! Солардың бірі журналист болғысы келетін болар?! Газетті оқыған бала журналист болып кетуі шарт та емес. «Ұланды» оқып жүрген бала ойын еркін жеткізе алатын, позициясын табандап қорғайтын, ортада өзін ұстай алатын адам болып қалыптасса, бұл үлкен жетістік, — дейді ол.

«Журналистикадағы алғашқы ұстаханам»

Әбдірахман Қайрат — «Ұланның» 2024 жылғы жас тілшісі. Алматыдағы №174 мектеп-гимназиясында 10-класта оқиды. Жас тілші газетті «журналистикадағы алғашқы ұстаханам» дейді.

Әбдірахман Қайрат
Әбдірахман Қайрат. Фото жеке архивінен ұсынылды

Журналист болам деген соң  әуелі жазуды үйренгім келді. Сол ретте түрлі басылымды іздедім. Анам «Ұланды» ұсынды. Ол кезде бұл газетті білмейді екенмін. Instagram арқылы газеттің парақшасын тауып алып, 2024 жылы мақаланы бірінен соң бірін жаздым. Сол жылғы желтоқсан айында «Жас тілші» куәлігін алдым. Бұл ақталған еңбек деп ойлаймын. Әрі қарай да жаза беремін, өйткені тілші үздіксіз жазбаса, қаламы ұшталмай қалады, — дейді Әбдірахман Қайрат.

Ол газеттің мерейтойына арналған кешті жүргізді.

Әмина Тұрдыақын деген жас тілші екеуімізге «Жүргізуші боласыңдар ма?» деген ұсыныс түскенде қатты қуандық.  Республикалық байқауға баруым керек еді, одан бас тартып, газеттің мерейтойына келдім. «Ұлан» газетінде рухани әулет — аға буын жас тілші мен іні буын жас тілшінің арасындағы байланыс жеке тұлға болып дамуға мүмкіндік береді. Өйткені ой, пікір алмасып, мақаламыздағы әттеген-ай мен бәрекелдіні естіп, шыңдалып келеміз. Мен үшін «Ұлан» журналистикадағы алғашқы ұстаханам, дамушы ортам.

«Жыл ақыны» болу жігерлендірді»

Елсияр Құлахмет — «Ұлан» газетінің жыл ақыны. Ол Абай атындағы республикалық мектеп-интернаттың 11-класында оқиды.

Елсияр Құлахмет
Фото: Досжан Балабекұлы

10-класта Алматыдағы Абай мектебіне оқуға түстім. «Ұланды» осы кезден біле бастадым. Газетті оқып жүріп, менімен қатарлас балалар мынадай деңгейдегі мақала жазып жүр екен деп таңғалатынмын. Енді мен ақынмын, газетте бірнеше өлеңім басылды. 2024 жылғы желтоқсанда газеттің «Үздіктерді анықтау» айдарында ауылыма арналған «Бір күнге сағыныш» деген өлеңім үздік болып, газет мені «Жыл ақыны» деп жариялады. Бұл маған жігер берді, өлең жазуға одан бетер шабытым ашылды, — дейді ол.

Елсияр «Ұлан» газет ұйымдастырған «Тастүлек» байқауының «Жеті қазына» бағыты бойынша жеңімпазы болды. Байқауға жеті қазынаның бірі — қыранға арнап өлең шығарған.

Биыл қыста Медеуге барып, коньки тептік. Қайтып бара жатсам, адамдар ұлттық киіммен, қыранмен суретке түсіп жатыр екен. Қыранға көзім түсіп еді, жүдеп кеткенін байқадым. Қыранды негізі саятшы адам ұстауы керек, ал ана жердегі адамдар одан кәсіп жасап отыр. Қыранның күйін көріп, онымен іштей тілдесіп, «Ақиықпен тілдесу» деген өлең шығардым. Өлеңім «Тастүлек» байқауынан бірінші орын алды.

Абай мектебінде Ділмар деген ұйым бар. Елсияр ұйым мүшелерімен газеттің мерейтойына барып, қонақкәде ретінде үйірме мүшесі Ахмет Ұлат екеуі айтысып, жұртты қарық қылды. Елсиярдың айтқанынан үзінді жазып қояйық:

— Мерейтойың құтты болсын, «Ұланым»-ау,
Жас қаламгер біткеннің жан әлемі…
Барлық бала «Ұланды» оқыр болса,
Шабыт атты шырағын жағар еді.
Қаламына күш бітіп білімі артып,
Өміріне өнеге алар еді..

«Ұлан» газетінде істейтіннің бәрі — газетті бұрынғы жас тілшілері

Жадыра Нармаханова — «Ұлан» газетінің бас редакторы. Ол газеттің мерейтойын қолдаған және республикалық «Тастүлек» байқауын қолдап келе жатқан Зейнолла Сəнік қорына алғыс айтты. Газеттің бас редакторының айтуынша, «Ұлан» — қазақ журналистикасының ұстаханасы.

Жадыра Нармаханова
Жадыра Нармаханова. Фото: Досжан Балабекұлы

Журналистерге «Бала кезде қандай болдыңыз?» деп сұрасаң, олар «Ұланға» қатысты бір естелігін айтады. Өйткені «Ұлан» — қазақ журналистикасының ұстаханасы. «Ұлан» газетінің ең ұтатын жері — балалардың жазғанын жариялап, олармен кері байланыс орнатып отыратыны. Бұл олардың жадында ерекше естелік болып қалады, сол үшін де газетімізді көп адам жақсы көреді, ұмытпайды. Мерейтойға балаларды жекелеп шақырмасақ та, әлжеліден көріп, өздері құттықтап келді, — дейді Жадыра Нармаханова.

Бас редактордың айтуынша, түрлі мектеп оқушылары да мерейтойда өнер көрсетейік деп, өздері ұсыныс жасаған.

Залдағы көрермен «концерттік бағдарламаны қысқартсаңыздар» деген тілек айтты. Дегенмен үлкен кісілердің сөзін қысқартуға болатын шығар, ал балалардың айтам дегенін қысқартуға болмайды. Баланың бетін бір қақтың ба, бұл ертеңгі күні оған соққы болады. «Ұланда» кім істесе де, балаға бар мейірімін көрсетуі керек, суық қарамауы керек. Балаға «мына мақалаң жарамайды» дегенді тіке айтпай, әдемі сөзбен алмастырып жеткізу қажет. Сондықтан «Ұлан» газетінде істейтін қызметкердің бәрі — газеттің бұрынғы жас тілшілері. Кейінгі 15 жылда жұмысқа газеттің жас тілшісі болғандарды алып жүрміз. Себебі олар өзі өткен сатыны жақсы біледі. Содан хат жаза бастаған оқушылармен жылы байланыс орната алады, әр хатқа ерінбей жауап жазады, — дейді журналист.

Мерейтойда шығармашыл оқушылар арасында өткен республикалық «Тастүлек» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауды «Ұлан» газеті ұйымдастырады. Байқау биыл екінші рет өтіп, «Жеті қазына», «Ата-апамның әңгімесі», «Біздің үйіміздегі дәстүр» бағыттарында 140-қа жуық шығарма келіп түскен. Байқауда әр бағыт бойынша 1-орын алған балаға 100 000 теңге, 2-орын алғанға 70 мың теңге, 3-орын алғанға 50 мың теңге сыйлық және ынталандыру сыйлықтары табысталды.

"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы
"Ұлан" мерейтойы
Фото: Досжан Балабекұлы

Baribar.kz редакциясы «Ұлан» газетінің 95 жылдық мерейтойына құтты болсын айтады. Осы газеттің жас тілшісі болған әрі сонда істеген журналистердің көпшілігі кейін Baribar редакциясына жұмысқа орналасты. Бұл тұрғыда «Ұланды» расымен де журналистиканың ұстаханасы дейміз. Мерейтой құтты болсын!