Олжас Бектенов ішкі істер министрлігіне өрт қаупі жоғары кезеңде орман алқаптарында демалуға тыйым салу шарасын қабылдап, рейд пен күзет кестесін жасауды тапсырды.
Олжас Бектенов үкімет отырысында министрліктер мен әкімдіктерге мынадай тапсырма берді:
- Төтенше жағдайлар министрлігіне экология министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мамыр айының соңына дейін табиғи өртке қарсы республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу тапсырылды.
- Экология министрлігінің алдына әкімдіктермен бірге табиғат қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін одан әрі жарақтандыру жұмыстарын жалғастыру міндеті қойылды.
- Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өртті ерте анықтау және өршу жағдайын, оны сөндіру алгоритмдерін модельдеу жүйесінің қамту ауқымын ұлғайту тапсырылды.
- Әкімдіктер елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы, өңірлерге авиацияны тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажет қорын қамтамасыз етуі, биыл 10 мамырға дейін өрт сөндіру көліктері мен тікұшақтарға қажет су көздерін дайындауы қажет.
- Өрт қаупі жоғары кезеңде ішкі істер министрлігіне демалушылардың орманда болуына тыйым салу жөнінде шара қабылдау тапсырылды.
- Төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруға тиіс.