Жақында Netflix «Өмір мандарин сыйлағанда» (When Life Gives You Tangerines) деген дорама шығарған еді. Бұл дорама көптің аузынан түспей жүр. Мұнша танылуына не себеп деп, 100-ден аса дорама көрген Наргиза Аршидиннен сұрадық. Дорама 16 сериядан тұрады, әр сериясы 1 сағатқа созылады. Наргиза дораманы екі күнде көріп бітіріпті. Оқырманға нағыз дорамашының талдауын барынша спойлер жасамай ұсынып отырмыз.

Дорама не туралы?

«Өмір мандарин сыйлағанда» дорамасы 1960-жылдары Чеджу аралында тұратын халықтың өмірін көрсетеді. Бұл кезең Оңтүстік Корея үшін өте қиын заман еді. Экономикасы құлдырап, халық ақшадан қиналды. Дораманың бас кейіпкері — Э Сун деген қыз. Әкесінен ерте айырылған, анасы оны әкесі жағына қалдырып, өзі сол провинциядағы бір жігітке күйеуге шығып кетеді. Екінші күйеуінен тағы екі бала босанады. Дегенмен қызымен күнде жолығып тұрады. Э Сунның анасы күнде теңізге сүңгіп, өміріне қауіп төнсе де, теңіз өнімдерін сатып, бала-шағасын асырауға мәжбүр. Дорамада бір әулеттің үш буынының өмірі көрсетіледі: Э Сунның анасы, өзі және қызы. Көрермен осы әйелдердің отбасымен, күйеумен, бір-бірімен қарым қатынасына куә болады.

Наргиза Аршидин
Наргиза Аршидин. Фото жеке архивінен ұсынылды

Мені ең көп жылатқан дорама осы болды. Бұған дейін сонша әсерлі дегендерін талай көрдім ғой, дегенмен мына сериалдың 10 сериясына жылаған шығармын. Дегенмен сондай бір мұңлы емес, «өмірлі» дер едім. Өйткені серилады көріп отырып, өзімді, өзімнің отбасыммен қарым-қатынасты сырттан бақылап тұрғандай сезіндім. Жүрегіме жылу жетті.

Дорамаға мандариннің не қатысы бар?

Netflix-тің пікіріне қарасақ, олар «Өмір саған лимон сыйласа, одан лимонад жасап ал» деген мақалға сүйенген. Ал Чеджу аралында мандарин көп өседі әрі осы аралдың символы да. Сондықтан дораманы түсіргендер лимон сөзін мандаринге ауыстырған. Фильмнің корейше атауы «қажырлы еңбегіңе алғыс» дегенді білдіреді. Дәл осы атау дораманың күйін беріп-ақ тұр. Бас кейіпкерлер өзі үшін, отбасы үшін аянбай еңбек еткенімен қатар, әр адаммен қарым-қатынас үшін де жұмыс істеді.

Сериал не үшін көптің аузында жүр?

Оның бірнеше себебі бар.

Өмір мандарин сыйлағанда
Фильм кадры

Бірінші. «Өмір мандарин сыйлағанда» шын өмірді қаз-қалпында көрсеткен. Танымал болғанының бірден-бір себебі — осы. Бас кейіпкерлерге бір проблема кезігеді, оны шешеді, сосын екіншісі шығады, оны да шешеді. Тура біздің ата-анамыз сияқты. Сөйтіп, кейіпкерлер өле-өлгенше кәдімгі өмірді сүреді. Бір мысал, Э Сунның қызы есейген соң жағдайы бар жігітпен жүреді. Екеуі бір-бірін қатты жақсы көреді. Алайда жігіттің шешесі қызды жақтырмай, көрген жерде кемсіте береді. Бұған шыдамаған қыз жігітке «я мені, я анаңды таңда» дейді. «Бұл қалай болғаны?! Екеуіңнің біріңді қалай таңдаймын?» деп жігіт ренжиді. Сонда қыз «ал менің әкем кезінде таңдай алған» дейді. Не керек, екеуі қосылмайды. Өмірде де бәрі «мақсат-мұратына жете бермейді» ғой. Басқа дорама болса, қосылар еді. Сериал да өмір қалай аяқталса, тура солай бітеді.

Екінші. Меніңше, көрермен қыздарға Кван Сиктің Э Сунға махаббаты ұнаған сияқты. Кван Сик бірді бірге әрең жалғап жүрген отбасында туып-өскен. Өзі де өмір бойы талмай еңбек етіп, оқи да алмайды. Көптің көңілінен шыққаны — оның Э Сунға деген риясыз сезімі. Оған қоса әйелінің де, анасының да шекарасын сызып бергені әбден бағалауға тұрады. Негізі дораманың бас кейіпкері Э Сун болса да, Кван Сик рөлі танымал болып кетті. Жоғарыда айтқанымдай, дорамадағы бас кейіпкер — әйелдер. Бұл да дораманың танылғанына әсер еткен сияқты. Оның үстіне сериалдың кадрлары әлеуметтік желіде тарай берді, қызық кадрды көргендер дереу дораманы қарап жатты.

Үшінші. Кейіпкерлер — аса танымал әртістер. Э Сунның жас кезін ойнаған АйЮ (IU), Кван Сиктің жас кезін сомдаған Пак Бо Гом және олардың қартайған кезін ойнаған актерлар рөлін өте жақсы алып шыққан. Дегенмен Оңтүстік Кореядағы жанкүйерлер бұған келіспейді екен: «АйЮ мен Пак Бо Гом 19 жастағы жасөспірім үшін тым ересек көрінеді, тым танымал актерларды таңдап алған» дейді. Бұл пікірді ТМД-ның дорамашылары құптай қоймайды. АйЮ арманы биік, мінезді, өмірі қиын болса да, қайсарлығын жоғалтпаған рөлді ғажап шығарды. Ал Пак Бо Гом отбасына қалқан болған, қамқор әке мен адал күйеуді керемет сомдаған.

Төртінші. «Өмір мандарин сыйлағанданың» басқа сериалдардан айырмасы мынадай: әдетте дорамаларда бас кейіпкерлер — қыз бен жігіт пен солардың достары — жанама рөлді сомдайтын қыз бен жігіт ашылады. Ал мына сериалда әр кейіпкер ашылған. Сосын «зұлым» кейіпкер жоқ. Әр образ не үшін ренжіп жүргенін, өмірге көзқарасы неге солай екені түсінесің. Дораманы түсіргендер әр кейіпкерге көңіл бөліп, оны 16-ақ серияға сыйғызып берген.

Бесінші. Сериалда ата-ана болу деген қандай, тұңғыш бала, екінші бала болу деген қандай, ене болу қандай, әйел мен күйеу арасындағы қарым-қатынас қандай деген сияқты күрделі тақырыптар қозғалған. Тұңғыш қызын Жапонияда оқыту үшін үйін сатып жібергенде, ол «маған сонша жауапкершілік артып тастадыңдар» деп ренжиді. Ал екінші баласы — ұлы «әпкеме көп көңіл бөліп, маған назар аудармайсыңдар» деп өзінше өкпелейді. Бірақ дорама ата-ананың да балалары үшін тырысып-баққанын да, өзін түсінбеген баласына ренжіп қалатын сәті болатынын да, олардың да балалармен бірге есейетінін көрсетеді. Дорама ешкімнің сөзі мен ойын жоққа шығармайды — «сөзінің жаны бар» деп тұрады.

«Өмір мандарин сыйлағанда» қандай күйге бөлейді?

Э Сунның жас кезі де, қызының бойжеткен шағы да менімен құрдас. Орта жасқа келген Э Суннан анамды, Кван Сиктен әкемді көрдім. Жағдайы орташа, бала-шағасының қамы үшін тынбай тіршілік етеді. Меніңше, Қазақстандағы көрермен өз отбасын көрген сияқты. Дорама сол үшін де танылып кеткен болар.

Өмір мандарин сыйлағанда
Фильм кадры

Осы дорамадан соң, ата-анама құрметім арта түсті. Қыз ата-анасына «түй, қойшы» деп зекіп сөйлейтін сәттері бар. Сол жерін өзіме ұқсаттым. Қызы сөйлеп бергенде ата-анасы аздап басылып қалады ғой, сонда әке-шешем елестеп кетті. Сөйтіп, ата-анамнан ұялып кеттім.

Фильмде мынадай кадр бар: Кван Сик қызының аяқ киімін кигізіп жатып, оның бас жағын қолмен басып көріп жатады. Тура менің әкем сияқты. Мен 11 бітіргенше, әкем аяқ киім әперіп жатып, басын қолымен басып, «Қыспай ма?» деп қайта-қайта сұрайтын. Сабақтан келген соң аяқ киімімді жуып, ұлтарақ екеуін кептіріп, щеткалап, дап-дайын қылатын. Осы үш секундтық кадр қатты әсер етті. Бала ретінде әке-шешеміздің бізге еткен қамқорлығын міндет көреміз ғой. Оларды түсінбей, олар бізді түсінбей жататын кездер бар. Түсінісуге тырысып, психологқа да барып жатамыз. Ал «Өмір мандарин сыйлағанда» сериалы әркімнің-ақ отбасын сырттан қарап тұруға мүмкіндік берді, нағыз терапия болды.

Дорамадағы ата-ананың рөлі қандай?

Өмір мандарин сыйлағанда
Фильм кадры

Оңтүстік Кореядағы ата-ананың мінезі, баласына махаббатын беруі, балаларын өмірінің мәні қылатыны, олар үшін өзінің арманын да құрбан ететіні біздің әке-шешемізге қатты ұқсайды екен. Күйіп-піскені, қуанғаны, баласы оқудан келгенде алдынан құрақ ұшып шығып, ас-дәмін даярлап отыратыны, оқуға қайтарда азық-түлікті түйіншек-түйіншек етіп беріп жіберетіні — тура біздің ата-анамыздың ісі.

Э Сун мен Кван Сик қартаяды. Алайда іштей әлі жас, Э Сун әлі де жазушы болғысы келеді, бір-біріне деген махаббатың ұшқыны да азаймаған. Біздің әке-шешеміз де сондай ғой. Бір түсінгенім, ата-анамызбен көп сөйлесіп, көп сырласу керек екен.

Осы дорамадан кейін былай ойландым. Мен ата-анамның жас кезінде қандай арманы болды, нені қалап, нені сүйді, білмейді екенмін. Әке-шешеме «мен үй алғым келеді, саяхаттасам деймін» деп арманымды айта беремін, олар қашан да қолдайды. «Ал сіздер нені армандайсыздар?» деп ешқашан сұрап көрмеппін. Сол үшін ұялып қалдым.

Жұрт, жалпы, дорама дегенге не үшін құмар?

Дорамадағы әртістер әдемі. Шаш үлгісіне, киіну стиліне, сөйлеу мәнеріне қарайсың да, тамсанасың. Негізі Оңтүстік Кореядағы дораманың жанкүйерлері өте талапшыл. Мұны жақсы, жаман дей алмаймын. Дегенмен талаптың ықпалы болар, сериалдар өте сапалы түсіріледі. Көбі дорама дегеннен «өмірдегі жоқ махаббаты көрсетеді», «көбелектер ойнап жүреді» дейді. Бұған келіспеймін. Өйткені қазіргі дорамалар сау қарым-қатынасты насихаттайды. Өзінің еліндегі көптеген проблеманы көтереді: мектептегі буллиң, баланың ата-анамен, қыз бен жігіттің қарым-қатынасы, ажырасқан отбасының проблемасы, биліктің қаншалық жемқор болуы мүмкін екенін және тағысын тағы. Дораманың бір артықшылығы, осындай саяси, тарихи, психологиялық тақырыптарды көңілге қонатындай етіп түсіндіреді.

Әрине, Холлиуд түсіретін сериалдардың жөні бөлек. Дегенмен мұхиттің арғы жағы бізден мүлдем басқа. Олардың сериалынан өзімізді көрмейміз. Ал Оңтүстік Кореяның мәдениеті, менталитеті Қазақстанға, ТМД елдеріне ұқсайды. Қандай да бір тәртіпті қалайтыны, стереотип ойлайтыны, отбасындағы құндылық, ата-анасымен қарым-қатынасы ұқсап етеді. Әрі дорама Азиядағы басқа елдердің сериалдарына қарағанда сапалы түсіріледі.

Наргиза ұсынған ТОП-3 дорама

«Өліммен ойнама» («Игра смерти»)

"Өліммен ойнама", "Игра смерти"
«Өліммен ойнама» дорамасының афишасы

Оңтүстік Кореяда жастардың өзіне қол салатыны — өте үлкен проблема. Сериал осы суицид тақырыбын көтереді. Бас кейіпкер жігіт суицид жасап, о дүниеге тап болады. Онда жан алғыш періште-қыз жігітке: «Бір қате жасадың, соны түсінуге тоғыз мүмкіндік береміз. Өмірге тоғыз рет әртүрлі адам болып ораласың», — дейді. Дорама суицидтің салдарын жақсы көрсетеді. Өзің құтылсаң да, бұл әрекет жақындарыңа қалай сұмдық әсер ететінін жеткізеді.

«39»

"Отыз тоғыз" дорамасы, 39 жорамасы
«Отыз тоғыз» дорамасының афишасы

Бұл — 39 жасқа келген, күйеуге шықпаған үш құрбы туралы сериал. Үшеуі түрлі салада істейді. Құрбылардың достығы сондай әдемі көрсетілген. «Әйелдер арасында достық жоқ» деген таптаурынды бұзады. Үш құрбы туған бауырдай болып кетеді. Бір-бірін қаз-қалпында қабылдап, соңына дейін қолдайды.

«Дәрігер достар» («Мудрая жизнь в больнице»)

"Дәрігер достар","Мудрая жизнь в больнице"
«Дәрігер достар» дорамасының афишасы

Бұл да бес дос туралы. Дораманың екі маусымы бар. Қыз — нейрохирург, қалғаны — кардиолог, гинеколог, педиатр, гепатолог. Бәрі — мықты мамандар. Оларды әріптестері қатал, аса салмақты дәрігер деп біледі. Алайда бесеуі жиыла қалса, бала болып кетеді. Жұмыстан бөлек ортақ хоббиі бар — аспап ойнап, студияда ән айтады. Әр сериядан соң, қанша қиындық болса да, студияларына барады. Қыздың даусы сұмдық нашар (күліп).

***

Тағы оқыңыз:

Корей дорамасы қалың көрерменді қалай баурап алды?