Сәуірдің соңына дейін жеке куәлікті ауыстыру процесі толығымен онлайн форматқа көшіріледі. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.
Енді фотосуреттің талаптарға сәйкестігін маман емес, ЖИ-модель бағалайды. Осылайша, шамамен 1 миллион адам ХҚО-ға бармай-ақ, уақытын үнемдейді.
Министрдің мәліметінше, өткен жылы халыққа қызмет көрсету орталығының операторлары 15,2 миллион қызмет көрсетті.
Өтініштердің 80%-і 10 қызметке тиесілі. Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл қызметтерді автоматтандыру және баламасыз, тек онлайн форматқа көшіру бойынша жол карталарын әзірледік. Бірінші кезеңде: жеке куәлікті ауыстыру, электрон цифрлық қолтаңба беру, еңбекші мигранттарға рұқсат беру қызметтері. Келесі кезекте тіркеу қызметтері тұр: көлік, жылжымайтын мүлік, жер құжаттары. Мақсатымыз — жыл соңына дейін Халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесін 50%-ке дейін азайту, — деді Жаслан Мәдиев үкіметтің бүгінгі отырысында.
Мысалы, ең сұранысқа ие қызметтердің бірі — жеке куәлікті ауыстыру. Бұрын азаматтардың халыққа қызмет көрсету орталығына келуі, фото түсіруі және ұзақ кезекте тұруы қажет болатын.
Айдың соңына дейін бұл процесс толығымен онлайн форматқа көшіріледі. Біз процестерді сәтті сынақтан өткіздік және фотосуреттің талаптарға сәйкестігін маманның орнына AI-модель бағалайтын жүйені оқыттық. Процесс барынша қарапайым: идентификациядан өту, фото мен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлем жасап, құжат дайын болғаны туралы SMS күту. Кезексіз, бармай-ақ, бәрі үйден шықпай жасалады. Аталған сервис шамамен 1 миллион адамның Халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажеттігін жояды, — дейді сала министрі.