Қасым-Жомарт Тоқаев Expo көрме орталығындағы этноауылда Наурыз мерекесін жұртшылықпен бірге қарсы алды.
Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Президент мерекелік іс-шараға жиналған көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Ұлыстың ұлы күні – ұлтымыздың ұлық мейрамы. Бұл – біздің ата дәстүріміз. Шуақты көктем мерекесінде бүкіл дүние қайта жаңғырады. Күн мен түн теңеледі. Қазақ елі әз-Наурызды көне заманнан бері тойлап келеді. Наурыз – ең алдымен, игілікті істердің мерекесі. Осы күндері әр үйде ақ дастархан жайылады. Ел-жұрт бір-бірімен қауышып, ақ тілегін айтады. Мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қамқорлық көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні биыл да қасиетті Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Еліміз үшін мұның мән-маңызы зор. Себебі біздің дініміз бен дәстүріміз – егіз. Қос қазынамыз халқымыздың бірегей болмысын айшықтай түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Наурыз мерекесі былтырдан бастап жаңа тұжырымдамаға сәйкес 10 күн бойы аталып өтетініне назар аударып, Наурызнаманың әр күні тағылымға толы екенін айтты.