2025 жылы ASUS компаниясы жаңа ойын модельдерін шығарды. Бұл — ROG Strix SCAR 16/18 ноутбуктары және ROG Flow Z13 планшеті. Екі құрылғының да процессоры, видеокартасы және желдеткіші қуатты, экраны сапалы, дизайны ерекше және түрлі инновациялық мүмкіндігі бар. Оған қоса қазір қолданушылар бұл жаңа технологияларды жеңілдікпен сатып алып, кэшбекке ие бола алады. Baribar.kz ASUS-тың жаңа модельдеріне жеке-жеке тоқталып, олардың қандай функциялары бар екенін шолып шықты.
ROG Strix SCAR 16/18 деген қандай ноутбук?
Дизайны әрі салмағы
Корпусының жан-жағынан түрлі бөлігі шығып тұратын ауыр әрі гибрид ойын ноутбуктары сәннен шыққанына көп болды. Қазір компаниялар қолданушылардың талғамын ескеріп, ойын ноутбуктарын барынша қарапайым, сәнді, жып-жинақы етіп шығаруды жөн көреді. ASUS-тың ROG Strix SCAR 16 және ROG Strix SCAR 18 құрылғыларының сырт көрінісі дәл осы сипаттамаға сай келеді. Негізі екі модельдің дизайны ASUS-тың бұған дейін шыққан ROG модельдеріне ұқсайды. Ноутбуктың жан-жағы, артқы корпусындағы ерекше жолақтар мен ROG логотипі жанып тұрады. Қолданушы оның түсін баптап, өзгерте де алады.
Құрылғының салмағы да маңызды. Адам ноутбугын үнемі жанында алып жүрсе, 2 келіден аспайтын ноутбукты алғаны жөн. Алайда мұндай салмақтағы кей құрылғының мүмкіндігі шектеулі. Киберспортшылардың сөзіне қарағанда, ең тиімді нұсқа — 2,4 келіге дейінгі құрылғы. Ал әдетте салмағы 3 келіден асатын ноутбуктар қуатты келеді. ASUS компаниясы осының бәрін ескерген сияқты. Олардың жаңа ROG Strix SCAR 16 салмағы — 2,8 келі, ал Strix SCAR18 ноутбугының салмағы — 3,5 келі.
Бұл ноутбуктардың төменгі панелін оп-оңай ашуға болады. Оған арнайы құралдың қажеті жоқ. Кез келген адам жай ғана төмен жақтағы бөлігін (рычаг) тартса болғаны. Сөйтіп жедел жады мен қатты диск орнатылған орынға қол жеткізе алады. Мұндай функция ойын ноутбуктарына алғаш рет қосылып отыр.
Процессоры, видеокартасы және жады
ROG Strix SCAR 16 және 18 ноутбуктарына Intel® Core™ Ultra 9 275HX деген жаңа процессор қойылған. Оператив жады — DDR5-5600 МГц (2 x SO-DIMM) модулінде 64 ГБ-ға дейін. Бұл құрылғы арқылы тек ойын ойнап қоймай, түрлі бағдарлама арқылы контент жасауға, графикалық тапсырмаларды орындауға болады.
ROG Strix SCAR 16 және 18 ноутбуктарының видеокартасы — NVIDIA® GeForce RTX™ 5090. Бұл видеокарта Blackwell технология құрылымы, Ray Tracing және DLSS 4 технологиясы бойынша істейді. Ray Tracing RTX 5090 технологиясы жарық эффектерін, көлеңкені шынайы етеді. Ал жасанды интеллект негізінде істейтін DLSS 4 технологиясының арқасында ноутбук бейнелерді сапалы етеді, әр бөлікті анық көрсетеді. Мысалы, Cyberpunk 2077 ойынындағы түнгі қала сахналары, Red Dead Redemption 2 ойынында түрлі күн райы, Metro Exodus ойынындағы метро туннельдеріндегі қараңғылық пен жарық шынайы болып көрінеді. Оған қоса бұл ноутбукта “ауыр” ойындар, ондағы кейіпкерлер, көліктер, жануарлар және тағы басқа объектілер қатпай, еш кедергісіз өмірдегідей бірқалыпты, біркелкі қозғалады.
Экраны
16 дюйм және 18 дюйм болатын ROG Strix SCAR 2025 ноутбуктарының экраны сапалы. Жиілігі — 240 Гц және одан жоғары. Түс гаммасы — 100%. Бұл модельдердің экраны бейнені 2.5К (2560 x 1600) сапада анық, қанық, тұнық көрсетеді. Ал ACR (Ambient Contrast Ratio) фильтрі экрандағы жарық шағылысы 55%-ке дейін төмендетеді. Мысалы, далада отырып, ноутбуктан ойын ойнап отырсыз. Даладағы табиғи жарық пен ноутбуктың жарығы қатты шағылыспайды. Демек, ойын ойнауға кедергі жасамайды деген сөз. Ноутбуктың экраны IPS технологиясы бойынша жасалғандықтан, экранға қай бұрыштан қарасаңыз да, ондағы түстер мен контрастар біркелкі, нақты болып көрінеді.
Желдеткіші
ROG Strix SCAR 16 және 18 ноутбуктарының салқындататын қабырғалары булану камерасының астында және үстінде орналасқан. Соның арқасында құрылғыдағы ыстық ауа жан-жағынан дер кезінде сыртқа шығып тұрады. Оған қоса желдеткіштің дыбысы да қатты шықпайды. Бұл ноутбуктарға шаң-тозаңнан қорғап тұратын арнайы фильтрлер қойылған. Ал қатты қызып кетпейтін, шаң болмайтын ноутбукты ұзағынан қолдануға болады.
Сонымен қатар ROG Strix SCAR 16 және 18 пернетақтасы мен тачпады саусаққа жағымды әрі жарығы жанып тұрады. Бірнеше жалғағышы бар. Ал Dolby Atmos® технологиясының арқасында микрофонынан дыбыс қатты шығады да, артық шу дыбысты басады. Екі сериясының да аккумуляторы — 90 Вт, яғни қуаты ұзаққа жетеді.
ROG Flow Z13 қандай планшет?
Дизайны
ROG Flow Z13 – ойын ноутбуктарының қуатымен бірдей өте ыңғайлы планшет. Бұл құрылғы сәнді әрі заманауи етіп жасалған. Соған қарамастан ол өте берік. ROG Flow Z13 планшеті ойын ноутбуктарына қарағанда әлдеқайда жеңіл әрі шағын. Салмағы — небәрі 1,2 келі. Мұндай құрылғы үнемі жолда жүретін адамдарға қолайлы.
Бұл модельдің ерекшелігі — пернетақтасының алынып-тағылатыны. Демек, оған пернетақтасын тағып, ноутбук сияқты қолдануға болады. Ал оны алып тастап, планшет ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.
Оған қоса планшеттің артында арнайы қойғышы бар. Ол көбіне планшет ретінде қолданғанда ыңғайлы.
Экраны
ROG Flow Z13 планшетінің экраны — 13,4 дюйм, дисплейі — ROG Nebula. Жиілігі — 180 Гц. Жарығы — 500 кд/м2. Түс гаммасы — 100% DCI-P3. Оның IPS-матрицасының арқасында дисплейден бейне тұп-тұнық болып көрінеді. Dolby Vision арқылы түс, контраст жақсырақ бейнеленеді. Бұл мультимедиялық тапсырмалар жасағанда, түрлі анимация бар ойындарды ойнағанда пайдалы.
Процессоры мен желдеткіші
ROG Flow Z13 процессоры — Radeon 8060S графикасы бар AMD Ryzen™ AI Max+ 395. Құрылғы Windows 11 Pro бойынша істейді. Жады — 128 Гб-ға дейін. Бұл планшетте заманауи, ауыр ойындар мен бағдарламалар қатпай істейді. Аса өнімді жұмыс істегісі келетін энтузиастар үшін 2025 жылғы Flow Z13-тің функционалдығын кеңейтетін бөлек аксессуар RTX5090 бар XG Mobile сыртқы графикалық картасының жаңартылған нұсқасы шықты. Ол қазірдің өзінде қуатты планшетті жұмыс үстелі шешімдерімен салыстыруға болатын өнімділікпен ғажап толықтырып тұр.
ROG Flow Z13 желдеткіші жақсы істейді. Ыстық ауаны сыртқа шығарып, құрылғы қызып кетпейді, қатты дыбыс та шығармайды.
Қуаттағышы мен жалғағышы
ROG Flow Z13 планшетінің қуаты 10 сағатқа жетеді. Бұл — ойын құрылғысы үшін жақсы көрсеткіш. Планшетті кәдімгі USB Type-C жалғағышы арқылы қуаттай аласыз.
Түрлі істі атқаруға көмектесетін планшеттің бірнеше жалғағышы — екі USB Type-C (Thunderbolt 4), бір USB Type-A және аудио шығаратын орын, картаға арналған microSD слот, “Командалық орталық” деген бір батырмасы бар.
Қорытындыласақ, жоғарыда айтылған екі құрылғы да — ойын әрі шығармашыл жұмыс үшін таптырмас құрал. Себебі биыл ғана шыққан жаңа құрылғылар бұрынғы модельдерге қарағанда әлдеқайда сапалы. Оған қоса ROG Strix SCAR 16/18 ноутбугын және ROG Flow Z13 планшетін сатып алатын адамдарға түрлі жеңілдік пен кэшбек беріледі. Қандай жеңілдік пен кэшбек алатының құрылғыны қай өңірден сатып алатыныңызға байланысты. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаған дұрыс.