Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп — тірек мектептердің бірі. Бұл білім ошағы кәдімгі ауыл мектептерінен өзгеше. Ондағы компьютер класындағы құрылғылар қосылмай тұрмайды. Химия, физика, биология кабинеттерінде сабақ сайын эксперимент қайнап жатады. Балалар робототехника үйірмесінде шынымен де робот жасап үйренеді, домбыра үйірмесінде әрқайсының қолына бір-бір домбырадан беріледі. Мектеп қаладағы жекеменшік мектептермен бірдей жабдықталған. Мұның бәріне «Ауыл мектебі» фотокөрмесінде көзіміз жетті.
Алматыдағы Ozgeepic креатив хабы тірек мектептердің бірін көрсететін «Ауыл мектебі» деген фотокөрме ұйымдастырды. Көрменің кураторы — Тоғжан Құрманжанқызы. Көрме бұған дейін Астана мен Түркістандағы Ozgeepic кеңістігінде де өткен. Фотоларды танымал фотографтар Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Әбдімәлік түсірген.
Тірек мектептер — Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жобасы. Қор өкілі Ернар Сейтахмет тірек мектептер қалай пайда болғанын айтып берді.
Қала мен ауыл баласының білім деңгейінде, шамамен, екі-үш жылдық айырма бар. Бұлай болмауы керек. Бала қайда болса да, жағдайы қандай болса да, сапалы білім алуға тиіс. 2019 жылы Aitas холдингі жетекшісі Серік Толықпай ауылы Қатонқарағайдан халық көшіп жатқанына қатты қынжылады. Адамдар медицинаға қол жеткізу қиын, жұмыс жоқ және мектепте білім деңгейі төмен болғандықтан, ауылдан қалаға көшіп жатқан еді. Осы мәселе қатты алаңдатып, тірек мектептер пайда болды, — деді Ернар Сейтахмет.
Сол 2019 жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінің жетекшісі Күләш Мақатайқызы тірек мектептердің мұғалімін тегін оқытуды ұсынған. Сөйтіп, шалғай ауылдағы тірек мектептердің мұғалімдері білімі мен білігін арттыра бастады.
2022 жылы бұл жұмысты «Қазақстан халқына қоры» қолдап, жобаны республика көлемінде қолға алуды ұсынды. Сөйтіп, сол жылы 17 облыстан бір-бір мектеппен жұмыс істедік. «Қазақстан халқына қоры» олардың әрқайсына 250 миллион теңге бөлді. Ал Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының шығынын Aitas холдингі көтерді. Қазір елімізде 135 тірек мектеп бар. Жыл соңына дейін олардың саны 200-ге жетуі мүмкін, — деді Ернар мырза.
Жоба аясында мектепке жаңа жиһаз бен техникалар алынады. Атап айтқанда, робототехника, психолог, дефектолог, мектепке дейінгі дайындық және шахмат кабинеттері, тігін және тамақтану мәдениеті шеберханасы, телестудия, STEM зертханасы, АRT-студиясы, FabLab, кітапхана, спорт жабдықтарымен бірге көптеген класс жаңарады. Бір айта кетерлігі, биыл Қатонқарағайдағы тірек мектептің оқушысы Назарбаев университетіне оқуға түскен. Бұл — аудан тарихында болмаған жақсы жаңалық.
«Ауыл мектебі» көрмесіне оралайық. Көрменің бас идеясы – ауыл мектептеріндегі жаңашыл бастамаларды, оқушылардың білімге ұмтылысын, жаңа технологияларды игеру жолындағы жетістіктерін көрнекі түрде көрсету. Ауыл үшін бұл мектептер білім беру мекемесі ғана емес, өркениеттің ұясына айналған. Шалғай ауылдарда ақпарат алмасатын әрі мәдени орта көбіне мектеп қана болады.
Мұндай тірек мектептер республиканың түкпір-түкпірінде бар. Соның бірін Жамбыл облысынан таңдап алып, көрерменге фотокөрме ретінде ұсынайық дедік. Шығармашылық топ құрдық. Бөкейхан атындағы мектепке бір ай шамасында барып жүрдік. Таңертең балалармен бірге кіреміз, кешке бірге шығамыз. Бұл мектепте оқып жатқан балалардың қала мектебінде оқып жатқан оқушыдан айырмасы жоқ. Солармен бірдей ағылшынша сөйлейді, сабаққа керек барлық технология бар. Балалардың көбі ғалым болғысы келеді, — дейді Тоғжан Құрманжанқызы.
Тоғжан ханым ауылдағы білім берудің жаңа дәуірі басталғанын сездік дейді. Оның айтуынша, мектептегі балалар шетелде білім алып, ауылына қайтып келгісі келеді. Ауылды көркейтсем деп армандайды.
Фотокөрмедегі әр суреттің әңгімесі бар. Бірнеше суретті сөйлетіп көрдік. Суреттердің әңгімесін фотографтар айтып берді.
Қолынан келмейтіні жоқ балалар
Әбдірахман мен Әбдірахым Әділбектер 9-класс оқиды. Егіз. Әбдірахман — мектеп президенті. Ал Әбдірахым — ұланбасы. Екеуінің қолынан келмейтіні жоқ. 4-кластан бастап тамақтың да, тәттінің де түр-түрін пісіреді. Оны видеоға түсіріп, желіге жүктеп те жүр. Қазір ауылда кімнің үйінде қуаныш болса, Әбдірахман мен Әбдірахымды шақырады. Олар дастарханға қоятын тәтті-дәмдіні пісіріп береді: қамыр жаяды, бауырсақ пісіреді, тамақ жасайды, салат турайды. Екеуі болашақта Түркияға барып, кондитердің оқуын оқымақшы.
Егіз балалар бау-бақша да егеді, қоян да өсіреді. Қоян басын 50-ге жеткізген. Әбдірахман бір жылдан бері құлпынайды гидропоникa әдісімен өсірудің қыр-сырын зерттеп жүр. Гидропоника — өсімдікті топырақсыз жасанды қоректік ортада өсіру әдісі. Мұндай әдіспен өскен өсімдікке топырақ керек емес. Жылдам өседі әрі екі есе көп өнім береді.
Мектептегі бір үлкен қабырға тақтаға айналған. Онда әр аптаның дәйексөзі жазылады. Оны үлгілі оқушылар ғана жазады екен. Сол аптаның сөзі — «Отан отбасыдан басталады». Мұны Әбдірахман мен Әбдірахым жазған.
46 жасында мұғалім болған Шынар апай
Шынар Оразымбетова бастауыш класс балаларына дене шынықтырудан сабақ береді. Өзі де бала күнінде түрлі спортпен айналысқан. Дегенмен мектеп бітірген соң, үлкендер «қыз баласына лайық» мамандық таңда деп Шынар апайды дәрігердің оқуына түсіреді. Оқу орнын бітірген соң, ұзақ жыл медбике, фармацевт сияқты жұмыс істейді. Жасы қырықтан асқанда бала кезіндегі арман-мақсатын есіне алып, өз қалауын орындауға белді бекем буыпты. Сөйтіп, Тараз инновациялық университетінің дене шынықтыру факультетіне оқуға түсіп, оны 46 жасында бітіріп шыққан. Диплом алған соң, осы мектепке жұмысқа тұрыпты. Қазір дене шынықтыру мұғалімі болғанына 10 жыл болды.
Мысық-тышқан ойнағанда…
Бұл — бастауыш класс оқушылары. Үзілісте апайын ортаға алып, мысық-тышқан ойнап жүр. Бала ғой, бәрі біресе апайына таласады, біресе жылайды. Одан қала берді тышқан мен мысық болуға және таласады. Мына жерде мысық болып жүрген баланың тілі орысшалау. Ойын қазақша толық жеткізе алмай қалса, жата қалып өкпелейді. Апайы оны «жаным, күнім» деп, жұбатыпты. 90-жылғылардың мысық-тышқанын қазірде көре бермеуші едік, кейінгі буын да осы ойынды үйреніпті.
Мектептегі балалар үзілісте асық та ойнайды екен.
Аудан кітапханасынан кітап жаздырып алып, оны ауыл балаларына тасыған Еркегүл апай
Еркегүл Ілиясова 30 жылдан бері кітапханашы болып келеді. 10 жыл бұрын Ә.Бөкейханов атындағы мектеп ашылғанда кітапханадағы кітап қоры өте аз болыпты. Сонда Еркегүл апай аудандық кітапханадан және көрші Қайрат ауылындағы кітапханадан өз атына кітаптар жаздырып алып, оны ауылдағы балаларға тасыған екен. Сондағысы балалар кітап оқысын дегені. Кезінде кітап тасыған балалары есейген соң, кітапханаға сыйлық деп әдеби кітаптар апарып беріпті. Қазір мектептегі кітапханада 41 мыңнан астам кітап бар. Сөреде елімізде кейінгі уақытта шыққан кітаптар да тізіліп тұр.
Жанынан балалар шықпайтын суретші ағай
Балалар Мәделі Құрмашев ағайдың айналасына үймелеп, суретті қалай салу керек екенін қарап тұр. Суретті түсірген Сәбина Әбдімәліктің айтуынша, Мәделі ағайды балалар қатты жақсы көреді. Өйткені ағайдың жүзі жылы, мінезі жұмсақ. Балалар да ағайдың жібектей мінезі үшін жанынан шықпайды. Суретші ағай өзі туралы да, өнер туралы әдемі әңгіме өрбітеді. Оның картиналары Жуалы ауданындағы мекемелерге ілінген. Мәделі ағай еңбекке баулу пәнінен де сабақ береді.
«Ауыл мектебі» фотокөрмесі Ozgeepic креатив хабында 20 күндей тұрады. Мекенжайы: Назарбаев даңғылы, 36.