Абай облысында көктем кезінде 45 елді мекенді су басу қаупі бар. Облыстың жаңа басшысы Берік Уәли Аягөз өзенінің арнасын кеңейтуді ұсынды.
Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су басу қаупі бар 45 елді мекенде төрт мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі кезде, әсіресе, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті аудандарындағы 20 ауылды су басу қаупі сақталып отыр.
Берік Уәли Аягөз өзеніндегі су деңгейін өзі қарап шықты. Былтыр көктемде Аягөз өзені ернеуінен асып, бірнеше ауланы су басқан болатын. Содан бері өзен жағалауын бекіту жұмысы жүргізілді. Жаңа басшы арнаны кеңейту керек деп санайды.
Су басу қаупі бар облыстардың қатарында тұрмыз. Сондықтан тасқынға дайындық жұмысын күшейту қажет. Аягөз өзенінің арнасын кеңейту мәселесін ойластырыңыздар. Тиісті ұсыныс беріңіздер, — деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.