Басты бетЖаңалықтарҚТЖ арқылы Орталық Азия елдеріне астық экспорты артты

ҚТЖ арқылы Орталық Азия елдеріне астық экспорты артты

2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы қаңтарға дейін жаңа астық тасымалдау көлемі 6,1 миллион тонна болды, бұл алдыңғы кезеңнің ұқсас көрсеткішімен салыстырғанда 47%-ке артық.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Тасымалданған астықтың негізгі бөлігін экспорттық жеткізілімдер құрап, 53%-ке өскен, яғни 4,8 миллион тоннаға жеткен. Ішкі тасымалдар да оң қарқын көрсетіп, 28%-ке өсіп, 1,3 миллион тоннаға дейін ұлғайды.

Астықтың ең көп көлемі Орталық Азия елдеріне бағытталды — 2,7 миллион тонна, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36%-ке артық. Ақтау және Құрық порттары арқылы Иранға жеткізілім 29 есе өсіп, 576 мың тоннаға жетті. Ресейге тасымалдау шектеусіз жүзеге асырылады. Ресей Федерациясына экспорт пен транзит 660 мың тоннадан асты, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94%-ке көп. 2025 жылғы қаңтарда теміржол көлігімен 1,1 миллион тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 35%-ке көп. Экспорт 36%-ке артып, 839 мың тоннаға жетті, ал ел ішіндегі тасымалдар 33%-ке өсіп, 217 мың тонна болды, — делінген хабарламада.

ҚТЖ мәліметінше, 2025 жылғы қаңтарда Өзбекстанға экспорттың 23%-ке, Тәжікстанға 18%-ке, Түрікменстанға үш есе және Қырғызстанға төрт есе өсуі байқалды.

Ақтау және Құрық порттары арқылы Иранға астық тасымалы 23 есе өсімді көрсетіп, 121 мың тоннаға жетті. Ресей Федерациясы мен Балтық жағалауы порттары арқылы транзиттік тасымалдар өткен жылдың деңгейінде 100 мың тонна көлемінде қалды, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ