Қазақстанда 2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде көліктермен бірдей етіп теңестіріледі. Бұл туралы ІІМ хабарлап отыр.
Ішкі істер министрлігі мопедтерді тіркеудің жолын көрсетті. Оларды пайдалану үшін:
- полицияда тіркелу;
- А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі;
- техникалық тексеру;
- азаматтық жауапкершілікті сақтандырудан өткізу қажет болады.
Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚО-ға мына құжаттарды ұсыну қажет:
- жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін);
- мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамалары.
Кейін өтініш толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, қажет мемлекеттік баждарды төлеу керек.
5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтерді пайдалануға, жүргізуші куәлігінсіз жүруге тыйым салынады. Бұзушылықтарды болдырмау үшін мопедті алдын ала тіркеп, жүргізуші куәлігін алуды ұсынамыз, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
