Көпшілік көрерменге танымал оқушылар арасындағы «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны телеэкранға жаңа форматта қайта шығады. «Хабар» агенттігі мен оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО бірлесіп, мегажобаны қайта жаңғыртуға кірісіп жатыр. Жоба көктемнен бастап «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетіледі. Бұл туралы министрлік хабарлап отыр.
Бұл жоба — еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған жастар қозғалысы. Қазірдің өзінде жүздеген дарынды оқушы шақыруды қабылдап, қызық интеллектуалдық ойын қатысушыларына айналды. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылғы қазан айында басталып, 2025 жылғы ақпан айына дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысады. Бұл кезең биылғы наурыздан бастап маусым айына дейін өтеді.
Жас дарындардың білімі мен қабілетін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба «Хабар» агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазға еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады, — делінген хабарламада.
Тележоба алғаш рет 25 жыл бұрын ұсынылған.