жыл қорытындысы, 2024
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Baribar.kz 2024 жылғы қоғамда резонанс туғызған айтулы оқиғалар тізімін жасап, Ұлу жылын қорытындылады.

Уақыт белдеуі ауысты

2024 жылғы 1 наурызда еліміз бірыңғай уақыт белдеуі UTC+5-ке көшті. Бұған дейін еліміздің басым бөлігі UTC+6 уақыт белдеуінде еді. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырып, әлі күнге дейін дау біткен жоқ. Әсіресе, кеш жылдам батып қалатын Шығыс Қазақстан облысы халқының наразылығы күшті.

Үкімет ел уақытын бірыңғай уақытқа аймақтар арасындағы үйлестіруді жақсартуға және басқаруды тиімдірек етуге ұмтылғаннан көшкенін хабарлаған. Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу денсаулыққа пайдалы екенін растайтын терең ғылыми зерттеулерге негізделген деп мәлімдеді. Мамандар да UTC+5 — табиғи ырғаққа жақын уақыт белдеуі деген.

Дегенмен Demoscope қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы сауалнама жүргізіп, оған қатысқан азаматтардың жартысынан көбі (53,1%) бұл шешімді қолдамаған, 22,1%-і шешімді мақұлдаған, 15,5%-і шешімге мән бермеген, ал 7,4%-і мұндай өзгерістен бейхабар болып шықты.

Ғылым және жоғары білім мен денсаулық сақтау министрілігі бірыңғай уақыт белдеуінің халық денсаулығына қалай әсер ететінін зерттеп көрмекші. Зерттеу үш жылға созылып, оған 160 млн теңге қаржы жұмсалуы мүмкін.

Бишімбаев сотталды

Салтанат Нүкенова Қуандық Бишімбаев
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Ол 2023 жылғы 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтірген. Экс-министр соты 2024 жылғы 27 наурызда алқабилер қатысуымен басталған. Сот процесі Жоғарғы соттың YouTube-арнасында көрсетіліп, жалпыхалықтық сипат алды.

13 мамырда Қуандық Бишімбаевты 24 жылға, қылмысты жасыруға көмектескені үшін оның туысы Бақытжан Байжановты 4 жылға соттау туралы үкім шықты. Бишімбаев ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен қазаға ұшырату және ҚК-нің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау бойынша сотталды.

Осы оқиғадан соң, елімізде «Салтанат заңы» деп аталып кеткен әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға өзгеріс енді. Ол бойынша, әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасы күшейді.

Қуандық Бишімбаев министр болып тұрғанда жемқорлық қылмысы үшін сотталып, кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кешірімін алып, жазадан құтылып кеткен еді.

Елімізде сел жүрді

Су тасқыны
Фото: Sputnik / Елена Бережная

2024 жылғы көктемде еліміздің 10 өңірін су басты. Олар: Абай. Ақмола. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Бұл — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі сел.

Үкімет көктемгі су тасқыны салдарын жоюға және зақымдалған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 миллиард теңге бөлді. Бұл ақша сел жүрген жолдарды, көпірлерді және су өткізгіш құбырларды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады.

Сәуір айындағы қорытынды бойынша, су тасығаннан елімізде жеті адам қаза болған. Олар — Атырау, Абай және Түркістан облысы тұрғындары.

Қазақстан үкіметі алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлікке қатысты шығындарын өтеу үшін өз резервінен 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлетін болды. Ал су тасқынының алдын алу үшін өзен-сулардағы су деңгейін анықтайтын батиметриялық зерттеулерге 576 млн теңге бөлінді.
Перизат Қайрат
Фото: instagram.com/01pk

Су тасыған жердегі халыққа көмектесетін қор көбейді. Соның бірі — Biz birgemiz волонтерлар қозғалысы. Алайда қараша айында қор басшысы Перизат Қайрат ұсталды. Ол 1,5 миллирад теңгеден астам қаражат ұрлады деген күдікке ілінген. Оның қымбат жылжымайтын және жылжымалы мүлкі бұғатталған.

Пішөн
Фото: @illustrators_kz

Су тасығанда халықты тек адамдар құтқарған жоқ, иттер де атсалысты. Соның бірі — Атырау облысында құм салынған қап тасып, жұртқа бөгет салуға көмектескен Пішөн. Ит желі жұлдызына айналып кеткен еді. Алайда қараша айында Пішөнді жергілікті ветеринария мамандары қаңғып жүрген ит деп ойлап, атып тастаған.

АЭС салынатын болды

Елімізде қазан айында атом электор станциясын салуға дауыс беру үшін референдум өтті. Референдумға 7 820 204 адам қатысқан. Орталық референдум комиссиясы хабарлауынша, оның 71,12%-і Қазақстанда АЭС салуға дауыс берген. АЭС сегіз жылда салынып, оған 8 миллиард доллардан 12 миллиард долларға дейін қаржы жұмсалуы мүмкін. Бұл соманың 2 миллиард долларын «Самұрық-Қазына» немесе Ұлттық қор бөлуі мүмкін. Қалғаны шетелден қарызға алынады.

Қазақстан АЭС салуда 4 елдің технологиясын қарастырып отыр. Біреуі – Ресейдің «Росатом» корпорациясы болса, екіншісі – Қытайдың China National Nuclear Corporation, үшіншісі – Францияның Électricité de France, төртіншісі – Оңтүстік Кореяның Korea Hydro & Nuclear Power кәсіпорындары.

Майқайыңдағы апат

Майқайыңдағы апат
Фото: ТЖМ

4 қаңтарда Павлодар облысындағы Майқайың кенішінде адамдар мінген автобус ескі шахта — шұңқырға құлап кеткен еді. Автобуста төрт адам болған. Олар – апаттық-құтқару қызметі облыстық филиалының үш құтқарушысы мен бір жүргізуші. Екі құтқарушының мәйіті сол кезде-ақ табылды. 55 жастағы төртінші құтқарушының денесі табылмаған болатын. Ал автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің денесі тек шілде айында табылған еді.

Бұл іске қатысты Майқайың кенішінің алты қызметкері қамауға алынды.

Қазақстан көшпенділер ойындарында үздік болды

көкпар, Қазақстан-Қырғызстан
Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дирекциясы

Астанада 8-13 қыркүйек аралығында V дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтті. Ойында көкпар, асық ату, бәйге, теңге ілу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жамбы ату сияқты көшпенділер сайысының 21 түрі болды. Іс-шара үшін «Көшпенділер әлемі» деген этноауыл құрылды.

Ойынға 89 мемлекет қатысты. Ойын қорытындысы бойынша, алғашқы үш орынды Қазақстан (112 медаль), Қырғызстан (65 медаль) және Ресей (51 медаль) алды. Қазақстан 43 алтын, 32 күміз, 37 қола медаль жеңіп алған. Қырғызстан 19 алтын, 21 күміс, 25 қола медаль иеленген. Ресей спортшылары 12 алтын, 12 күміс, 25 қола медаль тақты.

Қазақстан Олимпиада-2024 ойындарына қатысты

Елдос Сметов, Дзюдо, Токио
Фото: Жеңіс Ысқабай

Биыл Қазақстан Франция астанасы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Ел спортшылары ойынды 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен аяқтады.

Алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына дзюдодан 60 келі салмақта Елдос Сметов салды.

Ал күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыраев және бокстан 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралбай жеңіп алды.

Қола медальдарды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле (тапаншамен 10 метрден ату), дзюдодан 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев және әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай жеңіп алды.

Қазақстан спортшылары Паралимпиада ойындарындағы ең үздік көрсеткіш көрсетті

паралимпиада ойындары
Фото: Туризм және спорт министрлігі.
Қазақстан құрамасы XVII жазғы паралимпиада ойындарынан 39-орынға тұрақтады. Қазақстан қоржынында 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар.
Давид Дегтярев (пара пауэрлифтиң) пен Ақмарал Науатбек (пара дзюдо) алтын медаль тақты. Еркін Ғаббасов (пара оқ ату), Нұрдәулет Жұмағали (пара жүзу), Ерғали Шамей (пара дзюдо) күміс медаль алды. Қола медаль Дастан Мұқашбековке (пара жеңіл атлетика), Даяна Федосоваға (пара дзюдо), Зарина Раифоваға (пара дзюдо), Жұрқамырза Шүкірбековқа (пара дзюдо) бұйырды.
Бұл — қазақстандық пара-спортшылардың Паралимпиада ойындарындағы ең үздік көрсеткіші.

Талғардағы оқиға

Шерзат Болат
Жеке мұрағатынан

4 қазанға қараған түні 16 жастағы Шерзат Болатты бір топ адам әке-шешесінің көзінше пышақтап кеткен. Жасөспірім ауруханада көз жұмды. Қылмыстық іс бес бап бойынша тергеліп жатыр — ҚР ҚК-ның 99-бабы, 2-бөлімі («Адам өлтіру»), 293-бабы, 3-бөлімі («Бұзақылық»), 115-бабы («Қорқыту»), 432-бабы («Қылмысты жасырып қалу») және 434-бабы («Қылмыс туралы хабарламау»).

Ал 12 қазанға қараған түні жасөспірімнің әке-шешесі тұратын үйді белгісіз біреулер өртеп кеткен. Алматы облысы полиция департаменті істі ҚК-тің «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» деген 202-бап бойынша тергейтіні хабарланған еді.

Шерзат Болат
Ulysmedia коллажы

Желтоқсан айында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Ол өлер алдында туыстарына хабарлама жазған деген ақпарат бар. Полиция хабарламаны туыстарының келісімін алмай, жариялап жіберген. Осы жағдайдан соң Шерзат болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Талғарда жолды бөгеп, оқиғаға назар аудартуға тырысқан.

Қаржаубай Нұрымов
Видео скрині

Полиция Қаржаубай Нұрымовты «құқық қорғау органдары қызметкерлеріне құрмет танытпағаны үшін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасап, көлік қозғалысына кедергі келтіргені үшін» (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі) ұстап әкетіп, 15 тәулікке қамаған. Ал оның туысы Салтанат Нұрымова «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі)» әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Тағы бір туысы, азаматтығы жоқ тұлға Бақыт Рейімова «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін (ӘҚБтК-нің 488-бабы, 8-бөлігі)» 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, одан кейін Қазақстан Республикасынан депортацияланатын болды.

Ақтау маңына ұшақ құлады

ұшақ апаты
Фото: Азамат Сәрсенбаев

25 желтоқсанда Ақтау маңына Баку-Грозный бағытында ұшып келе жатқан AHY8243 нөмірлі жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ Azerbaijan Airlines компаниясына тиесілі. Ұшақ бортында 69 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі. 38 адам қаза болып, 29 адам ауруханаға түскен. Жолаушылардың толық тізімі жарияланды. Ұшақ бортында Қазақстанның алты азаматы болған. Өкінішке қарай, олардың ешқайсы аман қалмады.

Әзербайжан парламенті депутаты Расим Мұсабеков Turan агенттігіне сұхбат берді. Ол сұхбатта Ақтауда құлаған ұшақ атқыланғанын айтып отыр. Ол: «Ұшақ Ресей аумағында, Грозный әуесінде атқыланған. Мұны жоққа шығару мүмкін емес», — деді. Парламент депутаты Ресей ұшақ апаты үшін кешірім сұрауы керек деп есептейді. Расим Мұсабеков: «Мұны жасағандар қылмыстық жауапқа тартылуы керек, қаза болғандар мен зардап шеккендерге өтемақы төлеуі керек. Бұлай болмаса, онда әрине, қарым-қатынас басқа дәрежеге көшеді», — деді.

Қазақстан азаматтары Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккендер үшін 800 литр қан тапсырған. Ақтаудағы донорлық пункттерге 490 адам барған. Астанада 600, Шымкентте 125, Ақтөбеде 109, Жетісуда 49, Қарағандыда 40, ШҚО-да 34 адам қан тапсырған.