1 наурыздан бастап елде бірыңғай уақыт белдеуі енеді. Бұл үшін Қазақстан аумағының басым бөлігі уақытты бір сағат артқа жылжытады. Үкіметтің бұл шешімі қаншалық тиімді? Ел азаматтарының бұған көзқарасы қандай? Baribar.kz облыс тұрғындарымен және мамандармен тілдесті.

Уақыт белдеуін ауыстыруға не себеп?

Жер шары үнемі айналып тұрады. Сол себепті кейбір елде күн жарық болса, енді бір мемлекетте түн болып тұрады. Осындай айырмашылыққа байланысты дүниежүзінде халықаралық стандартқа негізделген бірыңғай уақыт белдеулері бекітілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда екі уақыт белдеуі бар: UTC+6 және UTC+5. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысы UTC+5 белдеуін, қалған аймақтар UTC+6 белдеуін қолданып жүр.

Дегенмен 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні, сағат 00.00-де Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Абай, Ақмола, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытуы керек. Осылай, елдің барлық аумағында 5-сағаттық уақыт белдеуі болады. Бұл шешімді Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы қабылдады. Жұмыс тобының құрамына Астрофизика институтының, Генетика және физиология институтының, География және су қауіпсіздігі институтының, Мұрат Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институтының, Қазақ онкология және радиология зерттеуі институтының ғалымдары мен сарапшылары, парламент депутаттары кірді.

Болат Нұрқожаев. Фото: Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Қолданбалы хронобиология бойынша маман, уақытты есептеу тәртібі бойынша ведомстваралық жұмыс тобының мүшесі Болат Нұрқожаевтың айтуынша, денсаулықты сақтау үшін күн уақытына барынша жақын тұрақты уақыт белдеулерін қолданған дұрыс. Сол себепті Қазақстан бір реттік UTC+5 жүйесіне көшуге тиіс.

Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп жатқан жоқ. Мысалы, 13 жыл зерттеп, ғылыми түрде дәлелдеп, Қызылорда облысындағы уақыт белдеуін ауыстырдық. 18 жылдан бері бұл мәселені Қостанай облысы көтеріп келе жатыр. Біз қазір ештеңені жылжытып жатқан жоқпыз, керісінше, түзеп жатырмыз, — дейді Болат Нұрқожаев.

Ел тұрғындары не дейді?

уақыт белдеуі, Қостанай
Нағима Рахметова. Фото жеке архивінен

Елдегі уақыт белдеуінің ауысуына қатысты азаматтардың пікірі екіге бөлінді. Біреулер мұны дұрыс шешім деп ойласа, енді біреулер өзгертудің қажеті жоқ екенін айтады. Оған интернетте уақыт белдеуінің өзгеруін қолдап та, қарсы шығып та жатқан петициялардан байқауға болады.

Қостанай облысының тұрғыны, педагог Нағима Рахметова уақыт белдеуінің ауысқанына қарсы. Ол мұндай өзгерістің зардабын жаңа туған сәбилер мен балалар көруі мүмкін дейді.

Бәріміздің күн тәртібіміз бұзылады. Ересек адам тез шаршап, ұйқысы қанбайтын болады. Биологиялық сағат адамның өмір салтына қайшы келсе, ағзасына зиян тигізуі мүмкін. Әсіресе, қан қысымы бар адамдар ауырып қалуы ықтимал. Оған қоса адамдар күйзеліске ұшырауы, жүйке-жүйесі, жүрек-қан тамыр жүйесі, психикасы бұзылуы мүмкін. Сол себепті уақыттың осы қалпында қалғаны дұрыс деп санаймын, — дейді Қостанай облысының тұрғыны.

Ал Ақтау қаласының тұрғыны Махаббат Жубанисова елдегі әртүрлі уақыт белдеуі күнделікті өміріне кедергі келтіргенін айтады.

Мемлекеттік қызметтерді, банк операцияларын біздің уақыт бойынша 17.00-ден кейін ала алмаймыз, істей алмаймыз. Мысалы, мен жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Жұмыстан кейін кешке шотыма түскен ақшамды банктен алып үлгермей қалып жатамын. 17.00-ден кейін онлайн да ақшаңды аудара алмайсың. Бұл уақытта автоХҚКО-лардың да базасы істемей қалады. Елдегі уақыт бірыңғай болса, осы мәселелер шешілер еді, — дейді Ақтау тұрғыны.

Десе де ол уақыт белдеуі әр аймақтың климат жағдайына байланысты болғаны дұрыс деп санайды.

Мысалы, бізде кешкі 19.00-ден кейін ғана кеш батады. Алматы жақта 18.00-де қараңғы болып тұрады. Осы жағынан уақыт белдеуі ауысатын қала тұрғындарына қиын болатын сияқты, — дейді Махаббат Жубанисова.

Семей қаласының тұрғыны Балым Ахмадиева өзі тұратын аймақта сағат тілі бір сағат артқа жылжитынын естігенде қуанған. Көп шаруа тындырып үлгеремін деп ойлаған, бірақ қазір бұл өзгерістің тиімсіз тұстары да бар деп есептейді екен.

Біз жақта таң кеш атады, кеш ерте батады. Мысалы қазір сағат 17:40-тың (пікір берген уақыты – ред) өзінде далада тас қараңғы болып тұр. Жұмыстан кеш қайтатындарға, мектептен өз бетімен қайтатын балаларға қиын болады. Ата-аналар да “Балам қашан келеді?” деп уайымдап отыруы мүмкін. Оның үстіне біздің облыстың экологиясы да мәз емес, тұрғындар оның зардабын көріп жатыр. Енді уақыт ауысқанын адам ағзасы қалай қабылдайтынын білмеймін, – дейді Семей тұрғыны.

Мамандар не дейді?

Сұлтан Төлеуханов, уақыт
Сұлтан Төлеуханов. Фото жеке архивінен

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, хронобиолог Сұлтан Төлеуханов уақыт белдеуінің өзгергені дұрыс деп санайды. Себебі оның айтуынша, UTC+5 — табиғи ырғаққа жақын уақыт белдеуі.

1930-1931 жылы Кеңес Одағы кезінде «декреттік уақыт» деген болған. Қыста уақыт бір сағат алға, жазда артқа жылжыған. Мұны қайта ретке келтіруді қолға алғалы жатқанда Кеңес Одағы ыдырады. Сөйтіп Қазақстан бір сағат қосуын қосып, қайта алмаған. Қазір ғалымдар уақыт белдеуінің қалыпты, бастапқы жағдайына келтіруді ұсынып отыр. Бұл — өте дұрыс шешім. Әрине, әр аймақтың тұрғындары түрлі пікір айтуы мүмкін. Оны түсінемін, бірақ ол — субъектив пікір. Ғалымдардың зерттеп, зерделеген нұсқасына, объектив пікірге тоқталуымыз керек. Кез келген сағат белдеуінің белгілі бір мөлшерде кері әсері болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан аумағына, табиғи ырғаққа жақын, адамдардың денсаулығына ең тиімді әрі ыңғайлы уақыт — 5-сағаттық уақыт белдеуі. Адамдар қазіргі уақыт белдеуіне үйреніп қалғанын, бейімделгенін алға тартады. Дегенмен «десинхроноз» деген ұғым бар. Бұл — уақыт белдеуінің ауысқанынан туындайтын синдром. Азаматтар қазір өзін жақсы сезініп тұрмын деп ойлағанымен, табиғи ырғаққа жақын емес уақыт белдеуінде өмір сүргендіктен, ағзасында көп өзгеріс болып жатады. Кейін бір күні аяқасты ауырғанда түсінбей қалады. Ырғақ таусылған жерде, өмір де таусылады. Біз табиғатты, уақытты алдай алмаймыз, — дейді Сұлтан Төлеуханов.

Жаңа уақыт белдеуінде ұйқы режимі бұзылса, не істеу керек?

Сомнолог Виктор Хан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сомнолог-дәрігер Виктор Ханның айтуынша, адам көбіне уақыт бір тәулікке дейін өзгергенде бейімделу кезеңін бастан өткереді. Сол себепті елде уақыттың бір сағат артқа жылжығаны азаматтардың ұйқы сапасына айтарлықтай ықпал етеді.

Кейбір адам сәл қиналуы мүмкін, енді біреуге керісінше, оң әсер етуі ықтимал, — дейді маман.

Сомнолог-дәрігер жаңа уақыт белдеуіне ауысқаннан күн тәртібі бұзылып, қиналатын адамдарға мынадай кеңес берді:

Біріншіден, алғашқы күннен бастап жаңа режим бойынша ұйқыға жатып-тұру керек.

Екіншіден, адамның ұйқысы келмесе, төсекте жай жатпай, орнынан тұрып, өзіне ұнайтын кез келген іспен айналысқаны жөн. Ұйқысы келгенде бірден жатып қалғаны дұрыс.

Үшіншіден, адамның ұйқыға қаншада жатқаны емес, бұрынғы күн тәртібіндегі уақытта оянғаны маңызды.

Төртіншіден, жаңа уақытқа бейімделу кезеңінде күндіз, түскі уақытта ұйықтамаған дұрыс.