1,1 миллиард теңгеден астам жымқырылған: Астана мен Шымкентте жылжымайтын мүлік тәркіленді

Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен алынған 358 миллион теңгеден астам қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі.

Шымкент қаласы бойынша департаменттің қызметкерлері өңірдің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Күдіктілер мекеменің сметалық құнын арттыру, сонымен қатар нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді.

Сонымен қатар күдіктілер лауазымды адамдар ұрланған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартты. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынды.

Қаржылық тергеу шеңберінде қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы екі пәтер, бір тұрақ орны, Шымкент қаласындағы үш жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды. Сот үкімімен барлық жеті айыпталушылар екі жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.