1 қазаннан бері Алматының тұрғын үй секторларында 38 өрт тіркелді. Көбіне жылыту жабдықтары мен пеш ақауынан және алкогольдік ішімдіктің кесірінен болған.
Бұл туралы қалалық ТЖД хабарлап отыр.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, осы жылдың 1 қазаны мен 21 қараша аралығында 38 жер үй өртенді. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ.
Өрт сөндірушілердің шұғыл әрекетінің арқасында, жеке үйлерден шыққан өрт дереу сөндіріліп отырды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ, — делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, былтыр мегаполисте жер үйден шыққан өрт салдарынан бес адам қаза болып, екі адам зардап шеккен. Тағы бір тұрғын улы газдан уланған.
Құтқарушылар барлық азаматқа өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.