БҚО-да 357 елді мекенге интернет қосылған

Батыс Қазақстан облысында 413 ауылдық елді мекеннің 357-сі интернетке қосылған. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Былтыр ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітіліп, Орал қаласы мен 70 ауылдық елді мекенде мобайл интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстары іске асырылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тарапынан «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы әзірленген болатын. Ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының төрт бағыты қарастырылған. Оның ішінде, облыс орталықтарын 5G стандартында мобайл интернетпен қамтамасыз ету іс-шарасы.

2023 жылы Кселл байланыс операторы Орал қаласында бесінші буынды төрт базалық станция орнатса, бүгінгі таңда облыс орталығында 37 базалық станция орнатылды. Екінші бағыт талшықты-оптикалық байланыс желісі арқылы ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету.

Облысымызда 2024-2027 жылдары 231 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр.

Халық саны 50-ден аз болып келетін 44 ауылға спутниктік технологиясы арқылы интернетпен қамту бойынша ұсыныс берілді. Ұлттық жобаның ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарына дейін интернеттің «соңғы милін» субсидиялау іс шарасы аясында өңіріміздегі 92 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Сонымен қатар республикалық автожолдарды байланыс желісімен қамтамасыз ету іс-шарасы аясында облысымызда жеті антенна-діңгек құрылғысын салу жоспарланып жатыр. Бүгінгі таңда антенна-діңгек құрылғыларының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр.