Моноқалалардағы халық саны 2 есеге азайған

Ақорданың Twitter-дегі мәліметіне сәйкес, президент жиналыс барысында моноқалаларда халық санының азаюы проблемасына назар аудартқан.

Моноқалалар үшін тұрғындардың облыс орталықтары мен басқа қалаларға көшіп кетуі тән болып тұр. 1999 жылдан бері моноқалалардың халқы 2 есеге, 3 миллионнан 1,5 миллион адамға азайған. Негізінен халықтың экономикалық тұрғыда белсенді халқы, әсіресе жастар көшіп кетіп жатыр, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Екібастұзға барды. Іссапар барысында мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жөнінде кеңес өткізіп, Президенттік жастар кадр резервінің өкілдерімен кездеседі. Сонымен қатар қаладағы индустриалды кәсіпорындарға барады деп жоспарланып отыр.