Алматыда қар аралас жаңбыр жауып, коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Таңғы сағат 9-дағы мәлімет бойынша қалада 4 мм жауын-шашын, ал Шымбұлақта 0,5 см қар түскен. Күндізгі уақытта 565 бірлік арнайы техника мен 1 069 жұмысшы жұмылдырылды. Арық өткелдерінің бітелуінің алдын алу және жергілікті су басу мәселесін жою үшін мотопомпа, багр және басқа құралдармен жабдықталған 32 жедел мобильді бригада кезекшілік етеді.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында Бостандық және Медеу аудандарының жоғарғы бөлігінде 120 құмшашқыштың көмегімен көктайғаққа қарсы материалдар себілді.
Таңертеңгі сағат 9-ға дейін 55 тонна материал пайдаланылды. Таңғы сағат 5-тен бастап 30 «Эпока» техникасы арқылы қаланың жоғарғы аудандарындағы жолдар (Медеу, Шымбұлақ, Бутаковка, ШААЖ, Садықов, Асқаров, Дулати көшелері және тағы басқа) сұйық көктайғаққа қарсы реагенттермен өңделді. Барлығы 85 м³ мұзға қарсы ерітінді қолданылған.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, күндіз ауа температурасы +2…+4 °C болады.