– Айдос Едігеұлы, еңбек жолыңыз тергеушіліктен басталған екен. Сот саласына қалай келдіңіз?
– Судьялық – кез келген заңгердің қолы жете бермейтін үлкен шың. Судья қызметінің жауапкершілігі үлкен. Дауды шешу немесе қылмыстық істі қарау барысында әділетті үкім шығару, істің нүктесін қою оңай жұмыс емес. Сондықтан судьялық қызметке тағайындалу үшін бірінші өмірлік тәжірибе қажет және бірнеше кезеңнен өтетін тексерістер мен емтихандар бар. Судьяның сот төрелігін жүзеге асыру барысында ешкімге тәуелді болмауы маңызды, өмірлік ұстанатын қағидасы да осы. Бұл төрелікке қазылар Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынысына сәйкес ҚР Президентінің Жарлығымен тағайындалады. Мен тергеу саласында 10 жылдан аса мерзім қызмет атқарып, тиісті тәжірибе жинаған соң ғана өзімді судья қызметін атқаруға дайынмын деп санадым. 5 жыл Шымкент қаласында Еңбекші аудандық сотының судьясы, 5 жыл Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудандық сотының төрағасы, 4 жыл Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының төрағасы, 3 жыл Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқардым. Қазіргі уақытта Түркістан облыстық сотының төрағасы қызметіндемін.
– Бұрын өзіңіз істі тергеп-тексеріп сотқа жолдасаңыз, қазір енді тергеушілердің жүргізген істері бойынша шешім шығарасыз. Істермен танысқанда тергеушілердің жіберген қателігін бірден байқап отыратын шығарсыз?
– Тергеуші болып қызмет атқару үлкен тәжірибе. Маған тергеуде жүріп жинаған тәжірибем судья қызметін атқару барысында үлкен көмек болды. Себебі, тергеушінің де, судьяның да жұмыстары ұқсас, оларды тіпті шығармашылық жұмыс деп айтуға болады. Тергеуші ретінде қаулыны, айыптау актісін дайындау барысында, судья ретінде үкім, шешім қабылдау барысында оқиғаны, тұжырымдарды, қандай дәлелдерге қалай баға беру керектігін қағаз бетіне үйлесімді қылып түсіру әр заңгердің қолынан келе бермейді. Кей кезде анықтау органы немесе тергеушінің дәлелдерді дұрыс жинамауы ол дәлелдердің жарамсыз деп танылуына әкеп соғады. Оның соңында қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлға жауаптылықтан босатылып кеткен жағдайлар болады, осындай сәттерде әттеген-ай деген тұстар кездесті. Ондай жағдайларда жәбірленушінің бұзылған құқығы қалпына келтірілмей қалады. Себебі, судья айыптау немесе қорғау жағында бола алмайды, тергеудің олқылықтарын жоюға құқығы жоқ. Тараптармен келтірілген дәлелдерге тең баға беріп, өз шешімін шығарады. Сондықтан кез келген істі бірінші күннен бастап тергеген тергеуші заңбұзушылықтарға жол бермеуі керек.
– Түркістан облысының соты бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы да айта отырсаңыз.
– 1932 жылдың қантар айында БКП (б) Орталық Комитеті Қазақстанда облыстар құруды қажет деп есептеді. Осыған байланысты Бүкілодақтық Атқару комитетінің (ВЦИК) 1932 жылғы 10 наурыздағы қаулысымен Қазақстанда 6 облыс құрылды. Алғашқы облыстардың ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы да болды. Міне, сол уақыттан бастап облыстың барлық конституциялық мекемелері қатарында облыстық сот та өз жұмысына кірісті. Бастапқы кезде облыстық соттың тоғыз мүшесі болды. Соттың тұңғыш төрағасы Омар Бейсенов болған. Бертін келе сот құрамына өзгерістер енгізілді. 1936 жылы қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі алқалар құрылды. 1938 жылдың қаңтарында облыс құрамынан қазіргі Жамбыл, Қызылорда облыстары бөлініп шығып, өздерінің облыстық соттары шаңырақ көтерді. 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесі құрылғанда облыстық сот өлкелік сот болды. 1964 жылы желтоқсанда өлке таратылғанда, облыстық сот қайта қалпына келтірілді. 1954 жылы облыстық соттың төралқасы құрылды. ҚР Президентінің 2018 жылғы 18 шілдедегі №717 Жарлығына сай, Оңтүстік Қазақстан облыстық соты Түркістан облыстық соты болып қайта аталды. Баяғы Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы осы Түркістан облысымен бірге кетіп, Шымкент қаласы мегаполис ретінде жаңа қарқынды өмірін бастады. Осы өткен 92 жыл аралығында облыстық соттың төрағасы болып 22 кісі қызмет етіпті, маған осы лауазымды 23-адам ретінде атқару бұйырыпты.
– Айдос Едігеұлы, облыс құрылғалы бері қанша іс қаралды, соттың жалпы құрылымы жайлы не айтасыз?
– Түркістан облыстық соты құрылғалы бері, көптеген іс қаралды. Біздің облысымыз халық саны үлкен облыс болғандықтан, сотқа әртүрлі істер келіп түседі. Түркістан облысы болғалы соттар – 12 720 қылмыстық іс және 37 870 қылмыстық материалдар, 132 079 азаматтық іс және 249 364 азаматтық материалдар, (2021 жылдың 1 шілдесінен бастап) 4029 әкімшілік іс, 129 529 әкімшілік құқықбұзушылық істері және 1646 әкімшілік құқықбұзушылық материалдарды қараған. Түркістан облысында 2 153 156 адам тұрады. Облыс 17 ауданнан құрылады, ал сот саласына келсек, қазіргі таңда облыста 23 аудандық және оған теңестірілген соттар және 1 облыстық сот бар. Неге қалалық соттардың саны аудандардан көп деген сұрақ туындауы мүмкін. Сол себепті әр облыста арнайы белгілі санаттардағы істерді қарайтын қосымша мамандандырылған соттары бар екендігін атап өткім келеді. Мысалы, отбасы дауларының басым бөлігін қазіргі таңда Түркістан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды. Аса ауыр қылмыстық істерді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды. Заңды тұлғалардың дауларын Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қарайды. Түркістан қаласының мамандандырылған тергеу соты сотқа дейінгі тергеп-тексеруде сот бақылауын жүргізеді. Жеке тұлғалардың мемлекеттік мекемелер мен сот орындаушыларға қатысты дауларын Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарайды. Түркістан қаласында және Сарыағаш ауданында мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар істері жөніндегі соттар қызмет атқарады. Қазіргі таңда облысымызда 99 судья және 270 сот қызметкері жұмыс атқарады. Штаттық кестеге сәйкес 120 судья қызмет атқаруы керек. Бос орындарға Жоғарғы Сот Кеңесі тарапынан тиісті конкурстар жүргізілуде. Олардың барлығы көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі, білікті, білімді судьялар мен қызметкерлер. Әрине кейде жас судьялар немесе сот қызметкерлері кездейсоқ кемшіліктерге жол беріп жатады, алайда оны мейлінше ерте анықтап, түзетуге бар күш-жігерімізді салып, оның әрекетіне тәртіптік баға беретін арнайы комиссиялар жұмыс істейді.
– Соңғы кездері мемлекеттік органдар қабылдайтын заң жобалары мен шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету туралы жиі айтылып жатыр. Түркістан облыстық соты қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігіне қандай баға бересіз?
– Ашықтық пен жариялылық бұл уақыт талабы, дауласушы тараптың міндетті түрде екі жағы болады, ол азаматтық істер бойынша талап қоюшы мен жауапкер, қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық істер бойынша айыптау және қорғау, яғни бір тарап жеңсе, бір тарап жеңіліп жатады. Сонда жеңілген тарап сот отырысы әділ өтпеді, әділ шешім шығармады деп сынға алатыны белгілі. Бұл сотқа деген сенімді негізсіз төмендетеді. Жалпы, соттар қабылдайтын сот актілерінің 5-7 пайызы ғана жоғары сатылы сотқа қайта арызданады және оның 2-3 пайызы ғана өзгертіледі немесе күші жойыла ды, яғни соттармен қабылданатын сот актілерінің 95-97 пайызына тараптар келіседі, демек қабылданған шешімдер заңды және әділ деп айтуға болады. Халықтың сотқа сенімін арттыру мәселесінде қазіргі таңда ашықтық пен жариялылық маңызды. Ашық сот процесіне кез келген тұлға тыңдаушы ретінде қатыса алады, қажетті жағдайда БАҚ өкілдерін шақыртып қатыстыру мүмкіндіктері бар. Оған қоса көпшіліктің қызығушылығы туындаған істер бойынша астаналық әріптестеріміз секілді, сот процесін тікелей трансля ция арқылы өткізу мүмкіндіктері де қарастырылған. Еліміздің заңдарымен мемлекеттік құпиялары қорғалатын процестен басқасының барлығының қазіргі таңда жариялылығы бар, бұл ашықтыққа жасалған қадам деп есептеймін. Түркістан облысында да бұл жұмыс тиісті деңгейге қойылған, белгілі бір іс бойынша қызығушылықтарыңыз туындаса біздің баспасөз қызметінің мамандарымен байланысып, ресми ақпарат алу мүмкіндігі мол.
– Қазіргі таңда өндірістен өткен әрбір іске әділ шешім шығарылады дей аласыз ба?
– Әділ, заңды және негізді шешім шығару қиын емес. Дәлелдерге дұрыс баға беріп, заңға сәйкес шешім қабылданса оның ешқандай қиындығы жоқ. Тек кейде әділдік бір жақта, заңдылық екінші жақта болатын жағдайлар бар. Сол кезде өз қиындығын тудырып жатады.
– Облыста қай сипаттағы қылмыстар көп орын алады?
– Облысымызда ұрлық және алаяқтық қылмыстарының түрі басым. Осы орайда газеттің қалың оқырманын WhatsApp, Telegram және т.б мессенджерлер арқылы алынған күмәнді сілтемелерді баспауға шақырамын. Әдетте, хабарлама әртүрлі байқауларда балаларға дауыс беруге, ұтыс ойынына қатысуға, әртүрлі тақырыптар бойынша сауалнамаға қатысуға және т.б. сілтемелерге өтуге шақырады. Мысалы, олар туындаған мәселелер туралы хабарлап, ақылы түрде шеше алатын «таныс» құқыққорғау қызметкеріне байланыстарды жібереді. Сенімділік үшін ведомствоның ресми бланкісінде түбіртектерді немесе құжаттарды жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, қызметтік куәліктердің фотосуреттері, мөрі мен қолы қойылған арнайы органның басылған нұсқаулары мен бұйрықтары және тағы да басқа құжаттарды жіберіп, адамның сеніміне кіруге тырысады. Азамат сілтемені басқаннан кейін алаяқтар оның смартфонындағы немесе компьютеріндегі ақпаратқа, соның ішінде жеке кабинеттері мен байланыс тізімдеріне толық қолжеткізе алады. Бұл алаяқтарға азаматтың атынан хабарламалар жіберуге және қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Әдетте, оның байланыстар тізіміне жіберілетін мұндай хабарламаларда қаржылық көмек сұраулары да бар. Соңғы кездері сот жүйесі өкілдеріне қатысты алаяқтық әрекеттер де жиілеп кетті. Сонымен, белгілі бір мәселелер көрсетілген және құқыққорғау органы қызметкерінің нұсқауларын орындау ұсынылатын қоңыраулар мен SMS алған жағдайлар бар. Соңғысы күдікті банк шотындағы операциялар (соның ішінде лаңкестік топтарды қаржыландыру және т.б.) туралы хабарлап, арнайы операция жүргізуге көмек көрсетуді талап етеді. Содан кейін олар прокуратура, банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне хабарласады деген болжам бар. Бұл операция алаяқтарға несие рәсімдеу, қоңырау шалған немесе SMS жолдаған адамның депозиттік немесе ағымдағы шотынан арнайы шотқа ақша аудару үшін қажет. Олар сондай-ақ қолма-қол ақшаны аудару үшін курьерді пайдаланады. Мұндай хабарламаларға, тіпті, жақын туыстары мен достарынан болса да жауап бермеуді ұсынамын. Кентау қалалық соты лотореяны ұйымдастырғаны үшін азамат «Н»-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. Сотта анықталғандай жергілікті тұрғын ағымдағы жылдың маусым айында «Tik Tok» әлеуметтік желісі арқылы арнайы билеттерді сатып, автокөліктің ұтыс ойынын белсенді өткізген. Билеттерді сату «Kaspi.kz» банкі қосымшасы бойынша ақша қаражатын аудару арқылы жүзеге асырылған. Сот қаулысымен «Н» деген азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 258 440 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
– Сотқа әртүрлі істер түседі дедіңіз. Осындай істердің арасында сотты жаңылыстыру арқылы жазадан құтылуға тырысқан жағдайлар орын алды ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Сотқа әртүрлі істер келіп түседі. Жазадан құтылу үшін өзінің ісін бұрмалауға тырысатын әрекеттер болады. Түлкібас аудандық сотына «П» деген азамат шағым түсіріп, өз шағымында аудандық полиция бөлімінің полиция инспекторының көлік құралымен тоқтауға тыйым салынатын орынға тоқтағаны үшін айыппұл салған қаулысының күшін жоюды сұраған. Сот отырысында азамат «П» шағымын қолдап, жол белгісі көрінбегенін, шатырдың астында тұрғанын, сыммен байланғанын, стандартқа сай орнатылмағанын көрсетіп, сотқа жол белгісі теріс қарап жазадан құтылуға тырысып, аталған мерзімді өткізіп алды.
– Бюрократиядан мейлінше арылу туралы Президенттің бастамасы бар. Біраз өзгерістер жасалып жатыр. Бұл жайында сіздің көзқарасыңыз қандай?
– Әрине, Мемлекет басшысының көтерген әрбір бастамасы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Осы кезге дейін біршама жақсы істер жасалынды. Қазіргі таңда электронды үкімет арқылы бюрократиясыздану үдерісі жүріп жатыр. Қазір көп мәселені әрбір мекемеге немесе басшының алдына бармай, үйде отырып онлайн шеше алатын болдық. Мұның өзі – уақытты үнемдеу. Сол секілді салықты да үйден шығып шапқыламай-ақ, интернет арқылы төлей беруге мүмкіндік бар.
– Электронды үкімет, сандық жүйе дегеніміз қағазбастылықтан арылу – жемқорлық пен парақорлықтың жолын кесу. Сіздерде цифрландыру қалай жүзеге асуда?
– Бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр, ең бастысы қоғамның сотқа деген сенімін арттыру, ол адамдардың ойындағы күмән мен сенімсіздіктен арылуға жол ашады. Сонымен қатар, қазір кез келген азамат сотқа келмей-ақ қажетті арызды сот кабинеті арқылы жібере алады.
– Айдос Едігеұлы, Қазақстандағы құқықтық саясаттың іске асырылу барысы қалай жүзеге асып жатыр?
– Құқықтық саясат тұжырымдамасы мемлекеттің ресми бағдарламалық құжаты бола отырып, енді толыққанды және мақсатты іске асыруды талап етеді. Осыған байланысты тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі нақты шаралар мемлекеттік органдардың стратегиялық даму жоспарларында, оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларында, жекелеген салалық бағдарламаларда көрініс табатын болады. Алайда тұжырымдаманы іске асыру – мемлекеттік институттардың ғана емес, азаматтық қоғам институттарының және ең алдымен, жұртшылық міндеті.
– Түркістан облысында сот процесін мемлекеттік тілде жүргізудің үлес салмағы қалай?
– Біздің облысымыз рухани астана болғандықтан, істердің көпшілігі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Осы бағыт бойынша үнемі қажетті жұмыстар жүргізіліп отыр. Түркістан облысының соттарында жалпы мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен хат алмасу 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіліп отыр, ал қылмыстық істердің 95 пайызы, әкімшілік құқықбұзушылық істердің 98 пайызы, азаматтық істердің 60 пайызы, әкімшілік істердің 67 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі.
– Әңгімеңізге рақмет. Істеріңіз сәтті болсын.
Раушан Пернеханқызы
Түркістан облысы
