Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстан...

Батыс Қазақстан облысында ауыл әкімдерінің форумы өтті

Оралда Батыс Қазақстан облысының Amanat партиясы атынан сайланған ауыл әкімдерінің форумы өтті. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Форум жергілікті билік органдарының өзара байланыс алаңы саналады. Дәл осы алаңда ауыл әкімдері мен депутаттар арасында тәжірибе алмасуға, атқарылатын жұмыстарды айқындауға көп мүмкіндік берілді.

Жиынға Amanat партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, партия филиалдары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Форум барысында Amanat партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты»  жобалары аясында жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды жүзеге асыру тетіктері мен талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың жаңа қадамдары кеңінен талқыланып, форум қатысушыларына түрлі трениң өткізілді.

Форумның басында сөз алған партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев халықтың нақты мәселелерін шешуге бағытталған партиялық жобалар туралы айтып өтті.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында үкімет 100 миллиард теңге бөліп, 15 мыңға жуық шағын несие берді, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Батыс Қазақстан облысы бойынша былтыр 6,4 миллиард теңге бөлініп, 992 микрокредит берілді, 1 135 жаңа жұмыс орны құрылды. Өздеріңіз білетіндей, «Жер аманаты» жобасы пайдаланылмай жатқан және кезінде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруға бағытталған. Бүгінде еліміз бойынша шамамен 11 миллион гектар жер қайтарылды. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында 79 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Тағы 50 мың гектар жерді қайтару жоспарда бар, — деді ол.

Жиында өзара тәжірибе алмасқан басшылар өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырды. Мәселен облыстағы 413 ауылдың 357-сінде интернет сапасы нашар. Сонымен қатар әкімшілік бөліністе бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Дегенмен атқарылған жұмыстардың арқасында күрмеуі шешілген мәселелер де жоқ емес. Мысалы, Қаратөбе ауданындағы Қоскөл ауылының тұрғындары өзара кооперативке бірігіп, мал азығын қолжетімді бағамен сатып, көл-көсір пайда тауып отыр. Төрт түлікті асылдандыру міндеті де жолға қойылған.

БҚО
Фото: БҚО әкімдігі

Биыл Батыс Қазақстан облысында «Қаладан Ауылға» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске қосылған. Жобаның мақсаты – қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және туған жерді гүлдендіру. Бұдан бөлек, облысымыздың 50-ден астам ауылдарында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 758 үй салынып, табысталып жатыр, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Бүгінде партияның 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында республикалық және 20 өңірлік жол картасы әзірленген. Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік жол картасы 122 тармақтан тұрады. Бүгінде алға қойылған міндеттердің 24%-і орындалды.

Форумның екінші бөлігі семинар-тренингпен жалғасты. Онда әкімдер заңнамадағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат алды. Мемлекеттік қызмет істері саласындағы тренерлер менеджмент процесін жетілдіру, имидж қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар берді.