10 мыңнан астам сарбазға кредит бойынша каникул берілді

Қазір әскер қатарына келген сарбаздарға несиелерін өтеу кейінге шегеріліп жатыр. Бұл туралы ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты.

Қарулы күштерді цифрлық трансформациялау әскери қызмет өткерудің тартымдылығын арттыру іс-шараларын іске асыруға мүмкіндік берді. Оның бірі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға кредиті бойынша каникул беруге қатысты. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрық тікелей жүйеде шығарылып, бірден мемлекеттік кредиттік бюроға және бірінші кредиттік бюро сервисіне беріледі. Осы ұйымдар несиесі бар сарбаздарды бірден анықтап, деректерді банктер мен шағын несие ұйымдарына жолдайды. Бұдан кейін қарызды кейін өтеу туралы шешім шығарылады, — деді Дархан Ахмедиев орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, банк сарбаздардың берешегін қайтару мерзімін 14 айға дейін шегерді. Бұл тұрғыда енді мерзімді әскери қызметші 12 ай қарулы күштер қатарында болған кезеңде, сонымен қатар үйге оралған соң екі ай мерзімде қарызын өтеуден босатылады.

Осы екі айдың ішінде әскерден оралғандар жұмысқа орналасып, қарызын өтей бастайды. Жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге 15 мың қарыз бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылған 10 мыңнан астам адамға кредит бойынша каникул берілді, — деді министрдің орынбасары.