Бүгін Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен аумақтық қорғаныс бригадасының запастағы әскери міндеттілерге арналған оқу-жаттығу жиындары басталды.
Өңірлерден жиналған запастағы сарбаздар мен сержанттар қорғаныс саласындағы біліктілігін арттыруды бастайды. Он күндік жиынның мақсаты – әскери резервті жинақтап, мамандардың білімін жетілдіру.
Әскери оқу-жаттығу жиындарына жауапты Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Омар Орынбаевтың айтуынша, жиын соңында сарбаздарға әскери шен мен мақтау қағаздары табысталады.
Біз бүгін кезекті әскери жиын тактикалық оқу-жаттығу әскери жиынын бастап отырмыз. Оған бригаданың бөлімшелеріне қарасты 100 әскери сарбаз көлемінде арнайы әскерлер батальонын шақырдық. Оның ішінде 78-і сарбаздар мен сержанттар, ал 22-сі офицерлер. Осы он күн барысында сарбаздардың әскери дайындығын, біліктілігін арттыру мақсатында мемлекеттік құқықтық жұмыстары, тактикалық дайындық, арнайы дайындық және атыс даярлығы бойынша сабақтар ұйымдастырылады, — дейді Омар Орынбаев.
Әскери жиынға қатысуға келген сарбаздардың жұмыс орны толықтай сақталады. Оған қоса арнайы төлем де қарастырылған.
Теориялық сабақтар Астанада орналасқан мекемелерде өткізілсе, тәжірибелік сабақтар қала сыртындағы полигондарда және 68665 әскери бөлім аумағында ұйымдастырылады. Осы әскери жиынның қорытындысы бойынша сержанттарға тиісті әскери шендер беріледі. Сонымен қатар өзін жақсы жағынан көрсеткен сарбаздар алғыс хаттармен марапатталады. Он күн ішінде сарбаздардың қызметі толықтай сақталады. Әскери жиынға қатысқаны үшін орта айлық есептік көрсеткіш бойынша төлемақы беріледі. Күнделікті тамақтану, киім-кешек және басқа да материалдық-техникалық жабдықтау жағын Астана қаласы әкімдігінің Жұмылдыру және аумақтық қорғаныс басқармасы Руслан Бишеев мен азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығының бастығы Данияр Кенжеғұлов қамтамасыз етіп, бақылауға алған, — дейді полковник Омар Орынбаев.
Жиынға қатысып жатқан сарбаздар заманауи қару-жарақты қолдану тәсілдері өзгергенін айтады. Одан өзге физикалық тұрғыдан шынығып, әскерилер үшін үнемі формада жүрудің маңызды екеніне тоқталды.
Мен 2014 жылы Алматы қаласы әскери құрлық институтына оқуға түстім. 2018 жылы бітіріп шықтым. Сол жақтан бізге тікелей жолдамамен Қапшағай қаласындағы әскери бөлімге жұмысқа бардым. Осы жиынға қатысып, өзімнің білімімді, қабілеттерімді жетілдіргім келеді, — дейді Нұрбол Қабекенов.
Жиын барысында іс жүзінде қарулы шабуыл болған жағдайда қабылданатын шешімдер мен мемлекеттік маңызды мекемелерді қорғау барысынан арнайы сабақтар өткізіледі. Осылайша 13-22 қыркүйек аралығында 100 әскери міндетті қорғаныстың қыр-сырына қанығып, шыңдала түседі.