222 күн. Күнде тауға шығатын Айжанның бір таңы

Айжан Аралжанның негізгі мамандығы – әнші. Ол өнерін қаржыландыру үшін кәсіп саласына бет бұрған. Қазір базарда жұмыс істейді. Айжан 2024 жылғы 15 наурызда күнде тауға шығу туралы шешім қабылдаған. Сол күннен бері тоқтамай тауға шығып жүр.
Baribar тілшілері Айжан Аралжанмен бірге тауға шығып, күнде тауға шығатын адамның таңы қалай өтетінін біліп қайтты.

«Тұрмыс тауға итермеледі»

Айжан Аралжан 1997 жылғы 29 қыркүйекте Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Қазақстанға 2016 жылы көшіп келген. 2020 жылы Астанадағы өнер университетін эстрадалық вокал мамандығы бойынша бітірген.

Қазақстанға келуіме үлкен себеп болған нәрсе – бала кезден өнерге жақын болуым. Қазақша әндер айтып, домбыра, қобыз, сазсырнай, сыбызғы сияқты аспаптар тартып өстім. Бұл аспаптардың тыңдарманы Қазақстанда екені түсінікті. Астанадағы өнер университетінде төрт жыл оқыдым. Оқуды бітіргеннен кейін үйленіп, Алматы қаласына көшіп келдім. Бұл қалаға «өнерімді жалғастырсам» деген мақсатпен келген едім. Бірақ өнердің биігіне шығу үшін үлкен қаржы керек екен. Осы себепке байланысты кәсіп саласына ауыстым. «Өнерімді қаржыландыра алатын деңгейге жетсем» деген оймен кәсіпке бет бұрдым, – дейді ол.

Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Медеу баспалдағына беттеген сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айжан Аралжанның тауға шығып жүргеніне 222 күн болды. Ол тауға шығуды күнделікті әдетке айналдырған. Айжан түнгі сағат 03:00-де ұйқысынан тұрып, 04:30-да Медеуде болады. Әуелі 842 сатыдан тұратын Медеу баспалдағына көтеріледі.

Қытайдағы Күнес деген жерде жайлауға шығатынбыз. Біздің жайлау – таулы жер. Осы себепке байланысты Алатау табиғатыма жат емес. Қаладағы шаршаңқы өмір мен тұрмыс та тауға итермеледі. «Жігітті тұрмыс билейді» деген сөз бар ғой. Отбасы құрғанда тұрмыстағы деңгей нашарлап, жұмыс өнімділігім азайып кетті. «Алатаудың түбінде тұрамын. Неге күнделікті Медеу баспалдағына көтерілмеймін?», «Неге салауатты өмір салтын ұстанып, өмірімді өзгертпеймін?» деген сұрақтар маза бермеді. Сөйтіп 15 наурыз күні өзіме «күнде тауға шығамын» деген уәде бердім, – дейді Айжан.

Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Медеу баспалдағына шығып жатқан кез. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«19 келі салмақ тастадым»

Ол Медеу баспалдағына шығып біткен соң таза ауа жұтып, жаттығу жасауға кіріседі. Айжан Аралжан тауға шыға бастаған сәтте-ақ өз бойынан өзгеріс байқай бастаған. Ол денесі өзгергенін байқаған, рухани өзгеріс те болған.

Ол кезде салмағым 93-94 келі болатын. Жүгірген кезде де, ұйықтаған кезде де қатты қиналатынмын. 16 наурыз күні Медеу баспалдағына шықтым. Ол кезде 28 минут кетті. Осы күннен бастап денсаулығым айтарлықтай өзгерді. 19 келі салмақ тастадым. Бірінші күні Медеу баспалдағына 28 минутта шықсам, қазір 6,5 минутта шығамын. Бұрынғы көңіл-күй мен қазіргі көңіл-күй – аспан мен жердей. Әрине, күнделікті тауға шығу оңай емес. Бір күні жаңбыр жауып тұрады, бір күні қар жауып тұрады, бір күні қатты ауырып тұрасың, бір күні ұйқы қысып тұрады, бір күні көңіл-күй болмайды. Әртүрлі ситуация болады. Бірақ мен өзіме берген уәдемді бұзбадым, – дейді ол.

Айжан Аралжан
Айжан Аралжан
Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Жаттығу барысы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Айжан Аралжан
Айжан Аралжан. Жаттығу барысы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айжан Аралжанның күнделікті тауға шығуына себеп болған тағы бір нәрсе – ескі ортасы. Оның сөзіне қарағанда, Айжанның ескі ортасы кешкі кездесуге көп шақыратын, бильярд сияқты ойындар ойнауға құмар болған. Айжан бұл нәрселерді оншалық ұнатпаған.

Адам бойындағы бір нәрсені өзгертуі үшін өзі ғана өзгеруі жеткіліксіз. Өзі байланған, өзін ұстайтын нәрселерден де ажырауы қажет. Менің ойымша, адам өзгеруі үшін міндетті түрде белгілі бір нәрсені құрбандыққа шалады. Мысалы, біреулердің өзгеруіне жаман әдеттері себеп болады, біреулерге орта себеп болады. Менің ортам кешкі отырыстарға көп шақыратын орта болды. Осы себепке байланысты ол ортадан алыстауыма тура келді. Олар маған ренжіді. Бірақ мен олар ренжіді екен деп өз өмірімді құрбан етпеймін ғой?! Адам өзі қалаған ортаны қалыптастыруы үшін өзімен күресе бастауы қажет деп ойлаймын, – дейді Айжан.

Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Жаттығу барысы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Тауға шыққалы бойдағы негатив пен комплекс жойылды»

Айжан Аралжан базарда жұмыс істейді. Базардағы ағаларына онлайн сату бойынша септесіп, алып-сату қызметін атқарады. Ерте тұру үшін кешкі сағат 20:30-да ұйықтайды. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, жұмыс пен тауға шығуды байланыстыру оңай.

Қазір жаңа ортам пайда болды. Ол орта өзіме ұнайды. Белгілі бір мүдде үшін, белгілі бір дүние үшін араласпаймыз. Бұл — тауға шығып, салауатты өмір салтын ұстанатын орта. Көп адам «біздің жұмысымыз бар, тауға шығып жүргендердің жұмысы жоқ қой» деп жатады. Шын мәнінде олай емес. Мысалы, мен 20:30-да ұйықтаймын. Таңғы 04:30-да тауда болсам, 07:30-да қаладағы жұмыста боламын. Алып-сату бойынша базарда жұмыс істеймін. Ағаларыма онлайн сату бойынша да көмектесемін. Сондықтан Алматы тұрғындарына бұлай айту ұят деп ойлаймын. Тауға шығуды жұмыспын байланыстыруға болады, – дейді ол.

Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Өзенге қарай беттеген сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айжан тауға шыға бастағалы тауға шығудың артықшылықтарын көп сезіне бастаған. Өзі тауға шыққалы бері бойындағы негатив пен комплекс жойылғанын айтып отыр. Бұл нәрсені ол көп ашулануды қойғанымен түсіндіреді.

Тауға шықпайтын кезде келіншегім «көйлек алуым керек», «бір жерге қыдырғым келіп тұр» деп айтқан кезде ашуланып жауап беріп, ренжітіп қоятынмын. Салауатты өмір салтын ұстана бастағаннан кейін қандай шаруа айтса да көңілді жауап беретін болдым. Қазір келіншегімнің өзі таңғалып жүр. «Мүлдем басқаша болып өзгеріп кеткенсің. Бұрын бірнәрсе айтуға қорқып тұратынмын. Қазір ойымды ашық айтамын» дейді ол. Бұрындары кішкене әңгімелесе кетсек, біреуді жамандауға дайын тұратынбыз. Қазір ондай нәрсе мүлдем жоқ. Тауға шыққалы бойдағы негатив пен комплекс жойылды, – дейді Айжан.

«Өзен суында ұзақ отыру рекордым – 45 минут»

Айжан Аралжан жаттығу жасап болғаннан кейін суық суға түседі. Ол алғашқы кезде Медеудегі суық суға түсіп алып, бірден жылы арасанға кіріп жүрген. Қазір олай істемейді. Ол қазір өзендерге түсуді дағдыға айналдырған.

Қазақ қоғамында «салқын суға түсу – адамға суық өткізеді» деген ой қалыптасып кеткен. Негізі салқын судың ешқандай зияны жоқ. Мысалы, салқын суға түсуді орыс халқы тұрмыс дағдысына енгізген. Шымбұлақтың өзендеріне ең алғаш рет түсіп жүрген кезде суық суға түсіп, бірден жылы суға отыра қалатынмын. Ал орыстар суық суда ұзақ отыра беретін. Сол кезде бір орыс жігіттен «мынау зиян емес пе?» деп сұрадым. Ол жігіт маған суда отырудың техникаларын үйретті. Ол маған «Адамның 80% денесін ми басқарады. Сен «суық судан ауырамын» деп ойласаң міндетті түрде ауырасың» деген кеңес айтты, – дейді ол.

Айжан Аралжан
Айжан Аралжан. Өзенге қарай беттеген сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Өзен маңы. Бұл киім ілгішті Айжанның өзі жасап қойған. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Өзен суына түскен сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Айжан Аралжанның өзеннің суық суында отыру рекорды – 45 минут.

Суық су артық калорияны жояды, денедегі майды ыдыратады, қан айналымын реттейді, көңіл-күйді көтереді. Оған қоса тестостеронды жоғарылатады, иммунитетті көтереді, бұлшықеттің қалпына келуіне көмектеседі. Осының бәрін ескеріп суық суға түсіп жүрдім. Алғашқы кездері бір-екі минут қана отырдым. Қазір Шымбұлақтағы өзен суында ұзақ отыру рекордым – 45 минут. Суық судың пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Бастысы, суық өтеді деген нәрсені ойламау керек, – дейді Айжан.

Айжан Аралжан
Айжан Аралжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Өзен суына түскен сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Жалғыз шарт – тауға шығу»

Айжан Аралжан алғашқы кезде тауға жалғыз шығып жүрсе де, кейіннен жанына адамдар жиыла бастаған. Осылай, тауға шығатын адамдардан құралған шағын топ пайда болған. Айжан Аралжан осы адамдардың ортақ чатын ашып, «Өзіңмен күрес» деген атау қойған.

«Өзіңмен күрес» – салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардан құралған топ. Бұл ортаның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы жақсы орта қалыптастыруға болады. Бас себеп – бұл орта ешқандай жамандыққа тартпайды, бір-бірімізбен дүние үшін араласпаймыз. Ортамызға кез келген адам қосыла алады. Жалғыз шарт – тауға шығу. Тауға шыға алмай қалған күндері таңғы 08:00-ге дейін 15 мың қадам жасап, фото-дәлел жіберуі керек. Тауға тоқтамай 21 күн шыққан адам біздің ортақ чатымызға қосылады. Қазір чатымызда 115 күн тоқтамай шығып жүрген кісілер де, қатарымызға енді қосылған жігіттер де бар, – дейді ол.

Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Таудың етегіне түсіп бара жатқан сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Өзіңмен күрес» тобындағы адамдар күнделікті тауға шығып қана қоймай, түрлі тимбилдиң жасап тұрады. Бұл топтағы адамдар Қазақстандағы шыңдарды бағындыруды мақсат еткен. Осы күнге дейін үш шыңды бағындырып үлгеріпті.

Әзірге үш шыңға шықтық. Ең бірінші Титов (биіктігі — 3 300 шақырым) деген шыңға шықтық. Кейіннен Сәтбаев (4 291 шақырым), Мәншүк (4 191 шақырым) деген шыңдарға шықтық. Қазір Алатауға қар түсіп кеткендіктен, шыңға шығуды тоқтаттық. Себебі бізде тауға шығу мәдениеті толық дамымаған, қауіпсіздік мәселесі де бар. Содан Медеуге шығып жаттығу жасау, өзенге түсу әдетке айналды. Әр дүйсенбі күні локация ауыстырамыз. Мысалы, бір күні Көк жайлауға, бір күні Серкебай тауына барамыз. Бұл көркем жерлерде өзімізге көп салмақ түсірмей, жай ғана демалып қайтамыз. Бұл жақсы естелік қалдырып, жақын әңгімелесу үшін қажет, – дейді Айжан.

Айжан Аралжан.
Айжан Аралжан. Таудың етегіне түсіп бара жатқан сәт. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Ұлымның атын Медеу деп қойдым»

Айжан Аралжан үшін тауға шығу жай хобби емес, ерекше мәні бар іске айналған.

Тауға шығуды бастағанда келіншегім екінші балаға жүкті еді. Өмірімді Медеуде өзгерткендіктен, ұлымның атын Медеу деп қойдым, – дейді ол.

Айжан Аралжанның таңы осылай өтеді. Ол 07:00-де етекке түсіп, 07:30-да қалада болады.

Айжан Аралжан
Айжан Аралжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Айжан Аралжан
Айжан Аралжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Айжан Аралжан
Айжан Аралжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz