Димаш Зиядин, бас редактор:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Димаш Зиядин. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Алматы таулары

Алматы тауларын ерекше жақсы көремін, бірақ бұл аймақ кереметтей шабыт сыйлайды деген асқақ сөздер айтудан аулақпын. Себебі тау маған түрлі сезім береді, оның ішінде қорқыныш та, үрей де, шаршау да бар. Табиғаттың алапат құбылысының жанында тұрып, өзіңнің соншалық кішкентай әрі дәрменсіз екеніңді сезесің. Мыңдаған жыл жүретін мұндай процестердің қасында істеп жатқан тірлігіміздің бәрі түкке тұрмайтынын түсінемін. Шығып бара жатқан сәтте әртүрлі ішкі ой мен күресті бастан өткеремін. Тау осындай эмоция палитрасын беруімен ұнайды.

Еліміз табиғатты сақтай отырып, тауға шығатын адамдарға қолайлы жағдайы жасаса деймін. Ол үшін дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенуге болады.

Мысалы, қазір Көкжайлау — адам көп баратын жердің бірі. Көп адам тауға шығып, онда пикник ұйымдастырып, қонып жатад, бірақ қоқыс тастап, ластап кететіндері бар. Халық тауға шығудың үлкен жауапкершілік екенін түсінуі және осыны түсіндіру қажет. Сол үшін әлдебір насихат жұмысы жүргізілгені абзал.

Тауға бір шықсаңыз, оныңыз әдетке айналады, себебі бұл — қайта-қайта өзіне тартып тұратын дүние, бірақ «Тау қатені кешірмейді» деген түсінік те бар. Сондықтан «Жайпақ табан аяқ киіммен бара саламын», «Күн ашық, жеңіл киіне салайын», «Мына жолмен жүрейік» деген сияқты немқұрайлы ойдан алыс болу керек. Кез келген адам сақтық шараларына баса назар аударуы қажет.

Осы жылы апта сайын тауға барып жүрмін. Келесі жылы жаңа маршруттармен жүру, шыңдарды бағындыру жоспарым да бар.

Димаш Зиядин
Димаш Алматы тауларында. Фото жеке архивінен

Айым Дәут, журналист:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Айым Дәут. Фото жеке архивінен

Ыстық су шипажайы

Қала тіршілігінен әбден қажығандарды жаз мезгілі бастала салысымен «Қайда барып демалуға болады?» деген сұрақтар мазалайды. Әрқайсы қызық әрі қолжетімді шипажайларға немесе демалыс орындарына барғысы келеді. Өзім Алматы облысында өскендіктен, бұл өңірдің тыныс-тіршілігінен біраз хабардармын. Осы орайда жергілікті тұрғындармен қоса, республика азаматтары жиі барып тұратын демалыс орындары бар. Соның бірі – Алматыдан 300 шақырым жерде орналасқан ыстық су орындары.

Ыстық судың пайдасы зор. Бас, буын және бүйрек ауруы және тағы да басқа көп дертке шипа. Суды бірнеше күн үзбей ішсе, ішек-құрылысты тазалайды.

Отбасымызбен жаз бастала салысымен ыстық суға барып тұрамыз. Әсіресе, күз айында келуші саны көбейеді. Сонымен бірге алыс-шалғайдан туыс-туғандар келсе, осы ыстық суға апарамыз.

Шонжыда демалыс орындары көп. Барлығы дерлік Ақсай-Шонжы-Қалжат тас жолының бойында орналасқан. Бұл жердегі әр демалыс орнының өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен «әттеген-ай» дейтін жағдайлар да кездеседі. Ең біріншісі — ыстық су орындарындағы тазалық мәселесі. Соның салдарынан келушілерінен айырылып жатқандар да бар.

Екінші мәселе — қазіргі интернет желісі дамыған заманда маркетингке жіті көңіл бөлінбеуі. Туристерге қолайлы жағдай жасалса, жақсы болушы еді. Мәселен, персонал мәселесі көбіне ескерілмей жатады. Сондықтан жақсы демалыс үшін барлық жағдай жасау керек сияқты.

Қан қысымыңыз жоғары, жүрегіңіз ауыратын болса, ыстық суға көп түсуге болмайды. Ыстық су дертіңізге дауа, жаныңызға шипа болады.

ыстық су
Фото: Ticketon.kz

Ербол Серікбай, Baribar media директоры:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Ербол Серікбай. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Көкпартөбе және Ақмешіт

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылында «Көкпартөбе» дейтін төбе бар. Бұл жерде ауыл тұғындары көкпар ойнап, бәйге жарыстырады. Бұл осы аймақтағылардың бұрыннан келе жатқан салты дер едім. Маған сол төбеге шығып, қазақ ұлттық ойынын, ауыл панорамасын тамашалау, алысқа көз жүгірту ұнайды. Ауылыма барған сайын сол төбеге барып қайтуға тырысамын.

Бұл төбе ауыл үшін маңызды жер болғандықтан тұрғындармен бірігіп, тапшан (навес) орнатқымыз келді. Жаңбыр не қар жауғанда халық сонда жайғасып, емін-еркін көкпар көрсе дейміз. Дегенмен дәл қазір оны жасауға мүмкіндік болмай тұр.

Тағы бір ерекше мекен — тиктоникалық тастардың жылжуынан пайда болған Ақмешіт жер асты үңгірі. Оған қатысты түрлі аңыз бар. Соның бірінде бір әулие әулетімен киіз үй тігіп тұрғаны жөнінде баяндалса, тағы бірінде бұл үңгір жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әйелдері мен балаларына пана болған деседі. Енді біреулер оның ішіне 500-1000 әскери жылқы сыйып кеткенін айтады.

Ақмешіттің айналасы тегіс жер болған соң өткен-кеткен адамдар бұл маңда үңгір бар деп ойламайды. Кейін Ақмешітті көргенде таңғалып жатады. Қысы-жазы іші салқын болып тұрады. Ал сырттан үңгір ішіне түскен жарық әсерлі көрініс береді.

Ақмешітке жылына кем дегенде бір рет туыстарыммен барамыз. Жол-жөнекей Домалақ ана кесенесіне баруға болады.

Кейінгі кездері Ақмешіт үңгірі күннен-күнге кішірейіп бара жатқанын, жойылып кетуі мүмкін екенін естідім. Сол себепті қолыңызға сапалы фотоаппарат алып, ерекше үңгірді тамашалап әрі естелікке суретке түсіріп қайтыңыз. Былтыр бұл жаққа баратын жолды жөндеп қойды, сондықтан жеңіл көлікпен бару тиімді.

Ербол Серікбай
Ербол Көкпартөбеде. Фото жеке архивінен

Динара Сапина, SMM-маман: 

Динара Сапина, Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Динара Сапина. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Есіл өзені жағалауы

Қазақстандағы ең сүйікті мекенім — Нияз тауынан бастау алатын Есіл өзені. Судың ағысы, құстардың шырылдаған әсем үні, қоңыр жел… Ол жерден алатын әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Оның үстіне, бұл жер — менің балалық шағымның мекені. Оқушы кезімде жиі барып тұратынмын. Себебі үйіме де, мектебіме де ең жақын серуендейтін орын болды. Кейде кластастарыммен, кейде әжеммен Есілдің бойымен жүріп, әңгімелесіп қайтатынбыз.

Отбасымызбен мекенжайымызды ауыстырғанда «Енді Есілден алыстадым ба?» деп көңілім түсіп еді, бірақ қуанышыма орай, жаңа үйіміз одан алыс емес болып шықты.

3-курсты онлайн оқығанымда барлық тапсырманы орындап болған соң бірден демалуға сыртқа шығып кететінмін. Үйден шығамын дегенше күн де батады. Осы көріністі жіберіп алмауға тырысатынмын.

Алматы мен Нұр-Сұлтан арасында қатынап жүріп, сүйікті мекенімнің қалай өзгеріп кеткенін аңғармай қалыппын. Бұрын Есілдің жағасында тек орындықтар мен ағаштар бар еді. Қазір фуд-орындар, скверлер салынған. Тіпті маңайында шағалалар ұшып, одан әрі көрік беретін болыпты.

Кез келген адамға Есілдің қарапайым әрі тамаша көрінісіне тамсануға, онда серуендеуге кеңес беремін.

Динара Сапина
Динара Есіл өзені жағалауында. Фото жеке архивінен

Мейірман Лес, шығарушы редактор:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Мейірман Лес. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Түркістандағы Керуен-сарай

Биыл сәуірде Түркістанда ашылған Керуен-сарайы өзіме қатты ұнады. Біріншіден, бұл жер тарихымен ерекше. Негізі Керуен-сарайды салу идеясы жаңадан немесе Түркістанда ғана пайда болған дүние емес. Бұрын мұндай сарайлар Азияда, Оңтүстік Еуропада, Қазақстанда және Кавказ елдерінде қала мен керуен жолдарының бойында аялдама, демалатын орын ретінде салынған екен. 7-19-ғасырларда халықтардың бір-бірімен қатынасын жақсартуға, сауда-саттықтың дамуына әсер еткен. Дәл осы тарихтың қайта жаңғыруы қуантады.

Бұрынғы сарайлардың ортасында малға арналған суат, айналасында қонақүй, асхана, мешіт болыпты. Қазіргісі — соның заманауи түрі. Қыдырып келген туристер тынығуына бәрі жасалған.

Білуімше, бұл кешенді туристерді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейінгі көптеп тартатын орын ретінде салған. Астананың «Бәйтерегі», Алматының «Көктөбесі» сияқты қазірдің өзінде бұл кешен Түркістанның төлқұжатына айналып үлгерген сияқты. Қалаға келгендер, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне баратындар жол-жөнекей міндетті түрде Керуен-сарайға тоқтап, аралап көреді деп ойлаймын.

Алматының Қалқаман ықшамауданында орналасқан жатақханалардың бірін көргенімде өзімді корей сериалдарының кейіпкері сияқты сезінгенім есімде. Өйткені бәрі Кореяны еске түсірді. Ал Керуен-сарайда өзімді хандықта өмір сүретіндей сезіндім. Мұндағы қолөнер шеберлерінің жұмысы сол заманның базары сияқты.

Екі сапарымда да Кеуен-сарайды толық аралап үлгермедім. Себебі әр келген сайын жаңа орындардың ашылып жатқанын байқаймын. Қазір онда ұшатын театр, аттар шоуы, балаларға арналған «Сиқырлы керуен» шоуы, қазақ ұлттық тағамдарын әзірлейтін мейрамхана және тағы басқа орындар бар.

Сарайдың түнгі көрінісі де өте әдемі. Суға түсіп тұратын жарық сәулесі ерекше әсер сыйлайды.

Мейірман Лес
Мейірман Түркістандағы Керуен-сарайда. Фото жеке архивінен

Күнту Арынбек, журналист:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Күнту Арынбек. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Көлсай көлдері

Алматы облысы Кеген ауданында орналасқан Көлсай көлдері ұлттық саябағына екі рет барып қайттым. Ол жердің табиғаты жылдың төрт мезгілінде де әсем. Жазда айналаның барлығы жап-жасыл, ал таудың ортасында қанық көк түсті көл тұр. Оның суы тап-таза, мөп-мөлдір және түсі ауа райына байланысты өзгеріп тұрады екен. Алғашқыда жоғарыдан көрінісін тамашаласаңыз, кейін онда қайықпен жүзуге болады.

Гид қызметкелерінің айтуынша, аңыз бойынша бұрын мұнда жер сілкінісі болып, салдарынан таулардың арасында осы көлдер пайда болған деседі. Келешекте ол жақта жер сілкінісі тағы қайталанса, бұл көлдер жойылып кетуі мүмкін деген болжам да бар екен. Бұл ақпараттың рас-өтірігін білмеймін. Дегенмен адамдар қазіргі сәтті пайдаланып, ол жердің сұлулығына тамсанып қайтуына болады.

Көлсай мемлекет қорғауындағы ұлтттық саябақ болған соң бұл жерде барлық жағдай жасалуы қажет деп ойлаймын. Біріншіден, Көлсайға қатынайтын жолды жөндегені жөн. Мәселен, жақында ата-анам Алматыға келеді. Сол сәтті пайдаланып, оларды Көлсайға апарғым келіп отыр, бірақ жолдың кесірінен шаршап қала ма деп те уайымдаймын.

Екіншіден, Көлсайдың экопостынан өту үшін адам басына ақы төлеу керек. Сол төлемді заманауи технологиямен жасап қойса деймін. Себебі табиғат инспекторларының туристерден ақша алып, өз танысын тегін өткізіп жатқанын байқадым.

Үшіншіден, бұл маңда зәулім-зәулім ғимараттар салынбағаны абзал. Көлігімді автотұраққа қойған кезде бір құрылыс жүріп жатқанын көрдім. Жағдай жасаймыз деп, табиғатты бүлдіріп алмасақ екен деймін.

Төртіншіден, көлдің үстіне сергуге мүмкіндік беретін қайықтарды да жаңартқаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл туристердің де көп келуіне әсер етеді.

Қазақстанның басқа өңірінен келген дос-жараныма, туыстарыма Көлсайды көрсеткім келеді. Себебі мұндай мекен Қазақстанның басқа жерінде жоқ деп айта аламын.

Күнту Арынбек
Күнту Көлсайда. Фото жеке архивінен

Бекзат Исамбергенов, дизайнер:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Бекзат Исамбергенов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шарын шатқалы

Осыған дейін екі рет Шарын шатқалына барып көрдім. Содан бері ол жер менің сүйікті мекеніме айналды. Әрине, қалада өмір сүру ыңғайлы, дегенмен кейде ашық кеңістікті қажет етіп тұрасың. Ал дәл сол Шарын шатқалында өзіңізді бос, еркін сезінесіз.

Жұмыс, болашақ туралы уайымды ұмытуға көмектеседі. Байланыс болмаған соң үнемі қолымыздан тастамай жүретін смартфоннан демаласыз. Сонымен бірге онда клаустрафобияны жеңуге болады.

Адамдарға Шарын шатқалына барып, демалып, денеңізге табиғаттың энергиясын сіңіріп қайтыңыз дер едім, бірақ ол жақтың туристік мекенге айналып кеткенін де қаламаймын. Дәл қазіргі қалпымен ұнайды.

 

 

Шарын каньоны
Фото: Flickr.com

Наргиза Аршидин, журналист:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Наргиза Аршидин. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бурабай ұлттық саябағы

Әкем — табиғатқа жақын адам. Жұмыс бабымен Алматы облысының көптеген киелі, ерекше жерлерін аралайды. Кейін үйге келіп, сол мекеннің тау-тасын, ағыш-бұтағын әдемілеп суреттеп беретін. Жаз мауысымы басталғанда шамасы келгенше бізді, туыстарымды сол орындарға апарып жүрді. Сол кісінің арқасында табиғаттың әр бөлігіне сүйсінуді, ләззат алуды үйрендім.

Қазір жыл сайын жаңа жерлермен танысқым келеді, бірақ бір қызығы, маған белгілі бір мекеннің киелі болуы, оның түпкі тарихын білуден гөрі оның сұлулығына және қайталанбас ерекшелігіне жай тамсанған көбірек ұнайды.

Осыдан екі жыл бұрын Бурабай ұлттық табиғи саябағына бардым. Жап-жасыл мекеннің салқын ауасында денем тыныс алғандай болды. Бұған қоса, ақ қайыңдағы өзіне тән қара дақтары, олардың ретпен орналасуы, көл мен көк аспанның бір-біріне шағылысуы, көлдің қақ ортасында алып Жұмбақтастың тұруы қызық болды. Көзің тоймайды, қарай бергің келеді. «Мынаның бәрін айрықша болып қалай пайда болған? Сан ғасыр бойы қалай сақталған?» деп ойлаймын. Осындай мекендерді көрген сайын өзімнің саналы да, бейсаналы да өзгеретінімді сеземін.

Келешекте Алматы облысындағы Көлсай мен Қайыңдыға, Ақмола облысындағы Көбейтұзға, Шығыс Қазақстандағы Қоңыр-әулие үңгіріне және Каспий теңізіне барып көргім келеді. Оған дейінгі қалауым — ғажап күйінің сақталуы. Адамдардан бұл сұлулықты бүлдірмеуді өтінемін.

Наргиза Аршидин
Наргиза Бурабайда. Фото жеке архивінен

Бақдәулет Әбдуалы, фотограф:

Baribar.kz журналистері, редакция, ұжым
Бақдәулет Әбдуалы

Медеу, Бұтақты, Көктөбе және сауда орталықтары

Шымкент, Алматы, Талдықорғаннан басқа қалаларда болып көрмегенмін. Шымкентте туып-өссем де, ол жақтан өзіме ұнайтын ерекше локацияны тапқан емеспін. Менің алғашқы махаббатым — Алматы.

Таңертең автобуспен Медеуге дейін барып, «Денсаулық» баспалдығымен жоғары көтерілгенді ұнатамын. Таза ауасы, атмосферасы ғажап. Медеуге көбіне өзім, ал достарыммен бірге Бұтақтыға барамын. Табиғатқа шығып, өткенге ой жүгіртіп, болашаққа жоспар құрып, сергіп қайтуға болады. Дегенмен ол жерге экоәжетхана және тағы басқа қажет орындар салынғаны жөн.

Сонымен бірге көп алматылық сияқты мен де Көктөбеге жиі барамын. Әсіресе, түнде Көктөбеге шығып, жарқыраған Алматыны төбесінен қарағанда ерекше сезімге бөленесің. Ал сүйген адамыңмен барсаң, екі есе әдемі әрі әсерлі.

Карантинде Алматыда жұмыс істеп жүргенімде қатты қиналдым. Өйткені көше бос, адамдар үйден шықпады, достарым жанымда емес. Шыны керек, өзімді жалғыз сезіндім. Сол уақытта мен кәдімгі сауда орталықтарын да жақсы көретінімді байқадым. Оның ішіндегі өзіне тән иісі, адамдардың абыр-сабыр жүрісіне қарап, өзімді жайлы сезінемін.

Бақдәулет Әбдуалы
Бақдәулет анасымен бірге Көктөбеде. Фото жеке архивінен