Алматыдағы ең көне базар жыл соңына дейін жаңартылады

Ерболат Досаев Түрксіб ауданында орналасқан «Алматы-1» базарын жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.

«Алматы-1» базары 1938 жылдан бастап жұмыс істейді. Ауданы 7 мың шаршы метр, онда жылыту және инженерлік желіге қосылмаған контейнерлік типтегі 570 сауда нүктесі бар. Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарында салынған базар ғимараттары тозған және қауіпсіздік стандартына сәйкес келмейді.

Базарды жаңғырту аясында саудагерлер мен келушілер үшін соның ішінде тез бұзылатын өнімдерді сақтауға және жылумен қамтамасыз етуге арналған тоңазытқыш камералары үшін қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар жобада лифттер, эскалаторлар, жер асты және жер үсті автотұрақтар, мейрамхана ауласы, жаяу жүргіншілер аймағы және тағы басқасы көзделген, — делінген хабарламада.

Бірінші корпустың бірінші және екінші қабаттарының металл қаңқасы тұрғызылды. Еден аралық бетон құю аяқталды. Қазіргі уақытта баспалдақ салынып жатыр. Автономды газ қазандығын монтаждау жұмыстары басталды.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, саудагерлер контейнерлерден көшірілетін бірінші корпустың құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.

Жалпы, кешенге азық-түлік және киім-кешек базарлары, жалға алушыларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, әкімшілік бөлім, халыққа қызмет көрсетуге арналған басқа да аймақтар, тиеу-түсіру кіреберістері, жер асты паркиңі кіреді. Жеке инвестициялардың жалпы сомасы 7,3 миллиард теңгеден асады.