Таяуда Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданыының Бостандық ауылында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталып, төрт отбасы жаңа пәтердің иесі атанды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы қатысты.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Президенттің тапсырмасы бойынша, биылғы жылы аудан бойынша 28 елді мекенде үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап қос пәтерден 142 үй салынып, қолданысқа беріліп жатыр.
Тұрғын үй құрылысын жүргізген мердігерлер Максим Жукин және Асланбек Сармалаев. Облыс әкімі баспанаға ие болған азаматтарды құттықтап, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыс етті.
Бүгін үлкен қуаныш. президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл-аймақтарды дамыту бойынша ауылдық ағайындар баспаналы болып жатыр. Жаңа пәтер иелерін бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Табалдырығын жаңа аттаған жаңа үйлеріңіз сіздерге берекелі, ырысы мол, жайлы баспана болсын, — деді өңір басшысы.
Баспана иелері мемлекеттік бағдарламаның ауданда жүзеге асуына ықпал еткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Мемлекет тарапынан тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға баспана берілді. Енді міне өзіміздің таза, жылы, жарық шаңырағымыз бар. Барлық жағдай жасалған. Алты баланың әкесімін. Үйімізде балаларым алаңсыз, асыр салып ойнайтын болады. Бұның өзі мен үшін зор бақыт! Мен сияқты кезекте тұрған отбасыларға жұғысты болсын, — деді Бостандық ауылының тұрғыны Асан Бөкенбаев.