Алматы мемлекеттік қуыршақ театры Беларусь және Грузия елдерінде өткен халықаралық фестивальдерде бірнеше мәрте жеңіске жетті.
Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Биыл қыркүйек айының 18-22 күндері аралығында Гродно қаласында өткен IV Халықаралық «Лялькі над Нёманом» қуыршақ театрлары фестиваліне бүлдіршіндерге арналған «Қаздар мен аққулар» (режисссер Антон Зайцев) ертегісімен қатысып, «Арнайы дипломға» ие болды. Айта кеткен жөн, «Лялькі над Нёманом» халықаралық фестивалі – қуыршақ театрлары фестивальдерінің ішіндегі көркемдік деңгейі жағынан жоғары фестивальдердің бірі.
Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үздік қуыршақ театрлары бас қосқан өнер мерекесінде фестиваль қатысушылары мен қонақтары, көрерменнің толассыз құрметіне бөлену – ұжым үшін зор жетістік, — деп хабарлады театрдан.
Сонымен қатар Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 23-27 қыркүйек аралығында аралығында Грузияның Батуми қаласында өткізілген II Халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысты. Онда алматылық өнер ұжымы Уильям Шекспирдің пьесасы сарынымен сахналанған «Макбет. Иллюзия» (режиссер Дина Жұмабаева) қойылымын көрсетіп, «Үздік режиссер» номинациясын иеленді.
II Халықаралық «Batumi International Puppet Theatre Festival – 2024» қуыршақ театрлар фестивалінде Қазақстаннан тыс Италия, Испания, Бразилия, Франция, Польша, Гүржістан мемлекеттерінің танымал театр ұжымдары бақ сынап, көрермен назарына қойылымдарын ұсынды.
Ерекше ықыласқа ие болған Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 2024 жылғы 28 қыркүйек – 2 қазан күндері аралығында Батуми, Кутаиси, Ахалцихе, Боржоми, Тбилиси қалаларында гастрольдік іс-сапар өткізіп, қазақ қуыршақ өнерін дәріптеп жатыр.